Accessibility links

Қырғызстанда жемқорлыққа қарсы қызметтің бұрынғы басшысы қамалды


Қырғызстан жемқорлыққа қарсы қызметінің бұрынғы басшысы Дүйшенбек Чоткараев.
Қырғызстан жемқорлыққа қарсы қызметінің бұрынғы басшысы Дүйшенбек Чоткараев.

Бішкектің Бірінші мамыр аудандық соты 12 желтоқсанда Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті (ҰҚМК) төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары, жемқорлыққа қарсы қызметтің бұрынғы директоры Дүйшенбек Чоткараевты тұтқындауға санкция берді.

ҰҚМК баспасөз орталығының түсіндіруінше, Чоткараев салмағы 22 келіден астам алтын әшекей бұйымдар контрабандасы туралы іс бойынша тергеу аяқталғанша қамауда болады. Бұған дейін ҰҚМК 2019 жылғы наурызда Қырғызстан әскери прокуратурасы аса ірі көлемдегі алтын әшекей бұйымдар контрабандасы туралы бірнеше іс бойынша сотқа дейінгі тергеу өндірісі басталғанын хабарлаған. Контрабанда қылмысына ҰҚМК қызметкерлерінің араласы бары айтылған.

Тергеу барысында анықталғандай, 2017 жылы ҰҚМК жедел бөлімшелерінің бірі Қырғызстанға контрабандалық жолмен әкелінген, жалпы салмағы 22 келіден асатын алтыннан жасалған әшекей бұйымдарды қолға түсірген. Кейін ҰҚМК басшылығы бұл фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеуді доғару және алтын бұйымдарды алынған адамдарға қайтару туралы заңсыз нұсқау түскен. Соның салдарынан мемлекет бюджетіне 6 млн сомнан астам зиян келген.

"Тергеушілер контрабандамен ұсталған адамдарды заңсыз босатуға және оларға тәркіленген алтын бұйымдарды қайтаруға Дүйшенбек Чоткараевтың тікелей қатысы барын дәлелдейтін бұлтартпас айғақтарды анықтады" деді ҰҚМК. Ведомствоның хабарлауынша, контрабандаға қатысы бар адамдар кінәсін мойындап, жауапқа тартылған, мемлекетке келтірген зиянды толық өтеген.

Бас прокуратура Чоткараевқа Қылмыстық кодекстің 320-бабы ("Қызмет лауазымын теріс пайдалану") мен 223-бабы ("Экономикалық контрабанда") бойынша айыптар тағылатынын хабарлаған. Дәл осы баптарда аталған қылмыстарға күдікті саналатын ҰҚМК төрағасының тағы бір бұрынғы орынбасары Болотбек Сүйімбаев қазір іздеуде жүр деп жазады Азаттықтың Қырғыз қызметі.

Дүйшенбек Чоткараев жемқорлыққа қарсы қызметті басқарған кезде ҰҚМК төрағасы болған Әбділ Сегізбаев Чоткараевтың тұтқындалуын "саяси қысым" деп бағалайтынын мәлімдеді. Сегізбаев алдағы жылғы 10 қаңтарға белгіленген Қырғызстан президенті сайлауына кандидат болып қатысуға өтініш берген. Оның кандидатурасын қолдайтын сайлаушылардан қол жинау жұмысын үйлестірумен Дүйшенбек Чоткараев айналысқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG