Accessibility links

Алматыда "Oyan, Qazaqstan!" белсендісін үйінен полицияға әкеткен


"Oyan, Qazaqstan!" қозғалысы белсендісі Нағашыбек Бекдайыр. Фото оның Facebook-парақшасынан алынды.
"Oyan, Qazaqstan!" қозғалысы белсендісі Нағашыбек Бекдайыр. Фото оның Facebook-парақшасынан алынды.

13 желтоқсанда "Oyan, Qazaqstan!" қозғалысының белсенділері өз жақтасы Нағашыбек Бекдайырды Алматыда үйінен полицияға әкеткені туралы хабарлады.

"Қозғалыс белсендісі Нағашыбек Бекдайырды Алматының Әуезов аудандық полиция бөліміне апара жатыр. Ұстап әкетуінің мән-жайы анықталып жатыр. Барлық жақтастарымызды Әуезов аудандық полицияға бөліміне белсендіге қолдау көрсетуге шақырамыз" деп жазылған "Oyan, Qazaqstan!" қозғалысының Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жарияланған ақпаратта.

Постының астында #qazaqkoktemi хэштегі бар.

Азаттыққа белсенділердің айтуынша, Нағашыбек Бекдайырды жексенбі күні үйінен алып кеткен. Азаттық тілшісі белсендіні қандай себеппен алып кеткенін білу үшін Алматы полиция департаментіне хабарласты. Департамент баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Әзірбек "анықтап көруге" тырысатынын айтты.

Арада екі сағат өткенде "Oyan, Qazaqstan!" қозғалысының әлеуметтік желідегі парақшасында Нағашыбек Бекдайырдың босатылғаны туралы ақпарат жарияланды.

"Жай киім киген бес адам оны үйінен күштеп әкетіп, Алматының Әуезов аудандық полиция бөліміне апарған. Белсендінің сөзінше, полицияда оған не үшін ұсталғаныңды өзің білуге тиіссің деп айтқан. Қолдаушылар тобы мен адвокат барғаннан кейін Нағашыбекті ешқандай айып тақпастан босатып қоя берген" деп жазды белсенділер.

Жексенбі күні таңертең Алматы қаласы әкімдігінің алдындағы жерде "Ұмытылмас 1986 2011" деген жазу пайда болған. Оған таяу тұста #qazaqkoktemi деген хэштег жазылған. Бұл туралы Instagram әлеуметтік желісінде Rukh2k19 тобы хабарлады.

Бірнеше сағаттан кейін әкімдік алдындағы жазуды өшіріп тастады.

16 желтоқсан — Қазақстан тәуелсіздігі күні. Бұл күн Қазақстанның жаңа тарихында тағы екі оқиғамен байланысты аталады. Осыдан 34 жыл бұрын дәл осы күні Кремльдегі биліктің Геннадий Колбинді советтік Қазақстанға басшы етіп тағайындағаннан кейін қазақ жастары Алматының орталық алаңына жиналып, наразылық танытқан. Совет билігі жастардың бейбіт митингісін күш қолданып, басып-жаншыған. Митингіден кейін жүзге жауапқа тартып, соттаған, жұмыстан шығарған. 2011 жылы 16 желтоқсанда Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен мұнайшылардың бірнеше айға жалғасқан бейбіт наразылық акциясын полиция оқ атып таратқан. Ресми мәлімет бойынша, "Жаңаөзен оқиғасы" кезінде 17 адам көз жұмған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG