Accessibility links

Әзербайжан Қарабақта "терроризмге қарсы операция" өткізді. Армения "арандату" туралы айтты


Таулы Қарабақтағы аудандарды күзетіп тұрған әзербайжан сарбаздары. 7 желтоқсан
Таулы Қарабақтағы аудандарды күзетіп тұрған әзербайжан сарбаздары. 7 желтоқсан

Әзербайжан қорғаныс министрлігі қараша айындағы келісім бойынша әзербайжан бақылауына өткен Хадрут ауданында терроризммен күрес операциясын өткізгенін хабарлады.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, Хадрутта қалған армян әскері "іріткі салып", "теракт ұйымдастырумен" айналысқан, соның нәтижесінде төрт әзербайжан сарбазы қаза болған. Министрлік оқиға жайлы өте аз мәлімет таратты.

Ал Армения билігі Әзербайжанды "бейбіт келісімді бұзды" және "арандатты" деп айыптады. Ереван да оқиғаның жай-жапсары туралы толымды мәлімет бермеді.

Әзербайжан, Армения және Ресей арасында Таулы Қарабақта атысты тоқтату туралы келісім 10 қарашада күшіне енген.

Таулы Қарабақтағы шиеленіс қыркүйектің соңында басталған қақтығыспен қайта өршіген. Қақтығыс енді басталғанда Баку мен Ереван жағдайдың ушығуын бір-бірінен көрген. 9 қараша күні Ресей, Әзербайжан президенттері және Армения премьер-министрі Таулы Қарабақтағы әскери қимылдарды тоқтату туралы ортақ мәлімдеме жасады. Мәлімдемеге сәйкес, Әзербайжан мен Армения күштері қазіргі позицияларында қалып, аймаққа Ресейдің бітімгер әскері кіргізілетін болды. Таулы Қарабақты қоршай орналасқан аймақтардың бәрі Әзербайжанға қайтарылып, Арменияға Қарабаққа, Әзербайжанға Нахичеванға транспорт коридоры берілетін болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG