Accessibility links

Түркіменстан президенті 2 мыңнан астам тұтқынға рақымшылық жариялады


Түркіменстандағы түрмелердің бірі. Көрнекі сурет.
Түркіменстандағы түрмелердің бірі. Көрнекі сурет.

Түркіменстанда бейтараптық күніне орай 2082 адамға рақымшылық жарияланды, төртеуі - шетел азаматы. Олардың арасында саяси тұтқын бар-жоғы белгісіз. Бұл ақпаратты Азаттықтың Түркімен қызметі хабарлады. Рақымшылыққа ілінген тұтқындар тізімі жарияланбады.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдарының үндеуіне қарамастан Түркіменстан билігі 18 жыл бұрын экс-президент Сапармұрат Ниязовқа қастандық жасамақ болды деп айыпталып, қамалған ондаған тұтқын туралы мәліметті әлі күнге дейін жарияламай келеді. Бұған қоса, діни көзқарасына байланысты әскери борышын өтеуден бас тартып, бас бостандығынан айырылған жігіттер жайлы да ақпарат бермей отыр.

Құқық қорғау ұйымдары елде саяси себеппен қамалып, жазасын өтеп болған адамдардың түрмеден босатылмауына алаңдайды. 1995 жылы шілдеде Ашғабатта билікке қарсы бейбіт шеру ұйымдастырды деп айыпталған Гүлгелді Аннаниязов ұзақ жылға бас бостандығынан айырылып, халықаралық ұйымдардың қысымымен босатылған. Бірнеше жылдан соң шекараны заңсыз кесіп өтті деп қамалған. Құқық қорғаушылар оның жаза мерзімі аяқталса да, әлі босатылмағанын айтады.

Құқық қорғау ұйымдарының жазуынша, Ашғабат түрмедегі тұтқындар саны мен өлімі, түзету мекемелеріне қатысты өзге де ақпараттарды жарияламайды.

Олар Түркиядан Ашғабатқа "алдап жеткізілген" студент Омрузак Омаркулиевтің де тағдырына алаңдап отыр.

12 желтоқсан Түркіменстанда бейтараптық күні деп белгіленген. Биыл БҰҰ Орталық Азиядағы авторитар елді нейтрал мемлекет деп танығанына 25 жыл толды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG