Accessibility links

Беларусьте қамаудағы блогер аштық жариялады


Блогер Игорь Лосикті қолдау мақсатында ілінген баннер. Чехия, 2020 жыл.
Блогер Игорь Лосикті қолдау мақсатында ілінген баннер. Чехия, 2020 жыл.

Құқық қорғаушылар саяси тұтқын деп таныған белорус блогері Игорь Лосик өзіне тағылған айыптарға қарсылық ретінде аштық жариялады. Блогер Антон Матолканың айтуынша, 15 желтоқсанда Лосикке “жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыруға көмектесті” деген қосымша айып тағылған.

Бастапқыда Лосик "қоғам тәртібін бұзуға атсалысты" деп айыпталған. Бұл айып бойынша Қылмыстық кодексте 3 жыл түрме жазасы қарастырылған. Ал Лосик соңғы тағылған айып бойынша кінәлі деп танылса, 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Лосиктің әйелі Азат Еуропа/Азаттық тілшісіне күйеуінің аштық жариялағанын растады. Ол күйеуін қолдау үшін өзінің де аштық акциясын бастағанын айтты.

Полиция Лосикті маусым айының соңында ұстаған. Блогер ол кезде елдің 9 тамыз күнгі президент сайлауына дайындығы туралы посттар жариялаған.

Беларусь орталық сайлау комиссиясы елді 26 жыл басқарған Александр Лукашенконың президент сайлауында жеңгенін хабарлағаннан кейін жаппай наразылық тұтанған. Демонстранттар сайлау нәтижесінің бұрмаланғанын айтып, нәтижесін жарамсыз тануды талап еткен.

Полиция наразылықты күшпен басып, көптеген оппозиция жетекшілері қамалды немесе елден кетуге мәжбүр болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG