Accessibility links

Франция президенті Эммануэль Макрон коронавирус жұқтырды


Медициналық маска киген Франция президенті Эммануэль Макрон журналистер алдында сөйлеп тұр. Париж, Франция. 16 желтоқсан, 2020 жыл.
Медициналық маска киген Франция президенті Эммануэль Макрон журналистер алдында сөйлеп тұр. Париж, Франция. 16 желтоқсан, 2020 жыл.

Франция президенті Эммануэль Макронның коронавирус инфекциясына тапсырған тесті оң нәтиже көрсетті деп хабарлайды француз президентінің ресми сайты.

Сайттың жазуына қарағанда, 42 жастағы Франция басшысы аурудың «алғашқы симптомдары байқалған соң» тест тапсырған.

Ақпарат құралдарының хабарлауынша, ол «жеті күн оқшауланып», «өз міндетін қашықтан атқара бермек».

Франция премьер-министрі Жан Кастекстің кеңсесі үкімет басшысының бойында Covid симптомдары байқалмайтынын, бірақ ол жақында Макронмен кездескендіктен, оқшаулана тұратынын хабарлады.

Кастекс бүгін кешке Covid вакцинасы бойынша стратегияны талқылау үшін сенатқа баруы тиіс болған. Бұл кездесу өтпейтін болды.

Франция – Еуропада коронавирус пандемиясынан ең қатты зардап шеккен елдердің бірі. Мұнда инфекция жұқтырған 2,4 миллион адам тіркелген, шамамен 60 мыңдай адам көз жұмған.

Франция президенті жайлы ақпарат шыға салысымен Испания премьер-министрі Педро Санчес те 24 желтоқсанға дейін карантинге кететіні хабарланды.

Санчес пен Макрон 14 желтоқсанда Парижде бірге түскі ас ішкен.

Макрон кеңсесі әзірге Франция басшысының дертті қайдан жұқтырғаны туралы ешқандай болжам айтпады.

Францияның бірінші ханымы Брижит Макрон оқшауланып жатыр, бірақ әзірге оның да бойынан инфекция белгілері байқалмаған.

Британия премьер-министрі Борис Джонсон Эммануэль Макронға «тез сауығып кет» деп туит жазды.

Коронавирус инфекциясын жұқтырған белгілі саясаткерлер арасында Британия премьер-министрі Борис Джонсон мен АҚШ президенті Дональд Трамп бар. Олар ауруханаға жатқызылса да, қызметтерін атқаруды жалғастырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG