Accessibility links

Коронавирус және соған ұқсас пневмониямен тіркелгендер азайды, 242 кісінің жағдайы ауыр


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Қазақстанда өткен тәулікте (17 желтоқсан) 690 адамда коронавирус инфекциясы ПТР арқылы расталса, соған ұқсас пневмониямен тек 24 адам тіркелді. Бұл туралы инфекцияны таратпау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның ресми сайты жазды. Көрсеткіштердің азаюы індеттің бәсеңдегенін білдіре ме, әлде мереке күндеріне байланысты тест тапсырғандар аз болды ма, ол жағы беймәлім.

Өткен тәулікте коронавирустан 7 кісі, пневмониядан 2 кісі көз жұмды.

Covid расталған адамдардың тіркелуі бойынша солтүстік және шығыс аймақтар әлі де алда тұр. Өткен тәулікте Павлодар облысында коронавируспен 98 адам, Қостанай облысында – 68, Шығыс Қазақстан облысында – 65, Солтүстік Қазақстан облысында – 64, Ақмола облысында – 57 адам тіркеуге алынды. Алматы (66 адам) және Нұр-Сұлтан (54 адам) қалалары да алдыңғы қатарда тұр. Атырау (60), Алматы (43), Батыс Қазақстан (36), Қарағанды (31), Жамбыл (25) облыстарында ауырғандар көбейгені байқалады. Оңтүстік аймақтарда бұл инфекциямен тіркелгендер аз.

Жалпы ел бойынша коронавирус жұқтырғандар - 145 213 адам, ал 1 тамыздан бастап соған ұқсас пневмонияға шалдыққандар - 44 338 адам. Ресми есеп бойынша, жалпы 2 641 кісі көз жұмды.

Ауырғандардың басым көпшілігі жазылып шыққан. Өткен тәулікте 561 адам бұл дерттен айықты. Қазір коронавирус пен белгілері соған ұқсас пневмониядан 25 мыңдай кісі емделіп жатыр.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, ауырып жатқандардың 242-сінің халі ауыр, 35-інің жағдайы өте ауыр. 40 науқас өкпе желдету аппаратына қосылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG