Accessibility links

Қазақстан студенті адам құқығы жөніндегі халықаралық конкурстың жеңімпазы атанды


Азамат Ибрагимов, Ресейдің Санкт-Петербург қаласында адам құқықтары жөнінен өткен халықаралық бейне ролик конкурсының жеңімпазы.
Азамат Ибрагимов, Ресейдің Санкт-Петербург қаласында адам құқықтары жөнінен өткен халықаралық бейне ролик конкурсының жеңімпазы.

Қызылорда студенті Азамат Ибрагим Ресейдің Санкт-Петербург қаласында адам құқықтары жөнінен өткен халықаралық бейнеролик конкурсының жеңімпазы атанды. Оның "Ар және дін еркіндігі" деп аталатын видеосы "мультимедиа-ролик" санаты бойынша 1475 туындының ішінен үздік деп танылып, бас жүлдені жеңіп алды.

– Адам құқықтары саласында, оның ішінде инклюзивті қоғам бағыты бойынша жұмыс істейтін жас адам ретінде маған бұл конкурс өте қызық әрі маңызды болды. Адам құқықтары өзектілігін ешқашан жоғалтпайды дегенге сенемін. Бұл – Қазақстан не Орталық Азияда ғана емес, бүкіл әлемде ең маңызды және өзекті тақырыптардың бірі, – деді Азамат Ибрагим Азаттыққа.

Қызылордадағы Қорқыт ата атындағы университеттің 1-курс студенті өз ролигі үшін БҰҰ Адам құқықтарының жалпы бірдей декларациясының ой, ар және дін еркіндігіне әркімнің құқығы бар дейтін 18-бабы мен совет және орыс ақыны Юрий Левитанскийдің "Әр адам өзі таңдайды" дейтін өлеңін негіз еткен.

Конкурсқа пост-советтік елдерден бес мыңнан аса мектеп оқушысы мен студент қатысты. Қатысушылар өз еңбектерін БҰҰ Бас ассамблеясының 1948 жылғы 10 желтоқсанда қабылдаған Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясына арналған.

Конкурстың Қазақстандағы ұйымдастырушыларының бірі, БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі сарапшысы Халида Әжіғұлова адам құқықтарын бастауыш сыныптардан үйрету керек дейді.

– Мұндай шығармашылық конкурстар қоғамды ағарту тұрғысынан өте пайдалы. Бір жағынан, балалар шығармашылық арқылы адам құқықтарын зерттеу және зерделеу ісіне араласады, оның маңыздылығы жөнінде ойланады. Ал біз, ересектер, балалар мен жастардың еңбегі арқылы оларды не алаңдататынын көре аламыз. Биыл буллингке, тұрмыстық зомбылыққа, сөз және ар еркіндігін шектеуге және дискриминацияға қарсы роликтер мықты шықты. Бұл жұмыстар балалардың қауіпсіз, инклюзивті, адамгершілікке толы және бәрі тең болатын қоғамда өмір сүргісі келетінін көрсетті, – дейді Әжіғұлова.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG