Accessibility links

Майк Помпео: АҚШ үкіметі компьютер желілеріне жасалған ауқымды кибер шабуылдың артында Ресей тұр


Майк Помпео.
Майк Помпео.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео АҚШ үкіметінің бірқатар агенттіктеріне жасалған кибер шабуылдың артында Ресей тұр деді.

"АҚШ үкіметінің жүйелеріне код енгізу үшін үшінші тараптың компьютерлік бағдарламасын қолданудың елеулі талпынысы болды. Біз мұның артында Ресей тұр деп ашық айта аламыз" деді Помпео 18 желтоқсан күні Марк Левиннің токшоуында.

Осыған дейін президент әкімшілігі хакерлік шабуылды кімнің ұйымдастырғанын айтудан аулақ болып келген және президент Дональд Трамп мәселені жария түрде көтермеген.

Шабуылға коммерциялық жобалар да тап болған. Майкрософт 40-тан астам клиентіне шабуыл жасалғанын мәлімдеді. Ақпараттық қауіпсіздік мамандарының айтуынша, хакерлер бұл шабуылды үкіметтің құпия ақпаратына және электр энергиясы жүйесін басқаратын желіге қол жеткізу үшін жасаған болуы мүмкін.

Майкрософт президенті Брэд Смит өз блогында хакерлік шабуылға ұшыраған клиенттерінің 80 пайызы АҚШ-та орналасқанын хабарлады. Қалғандары Бельгия, Ұлыбритания, Канада, Израиль, Мексика, Испания және Біріккен Араб Әмірліктері секілді елдерде.

"Бұл "қалыпты тыңшылық" емес. Тіпті цифрлық дәуір үшін де. "Бұл АҚШ-қа және бүкіл әлемге ауыр технологиялық қатер төндірген есалаңдық" деді Смит шабуылға тап болғандардың көбейетінін ескерте отырып.

Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының вице-президенті Джеймс Льюис шабуылдың АҚШ-қа қарсы жасалған 2014 жылдан бергі ең ірі қастық деді. Сол жылы үкімет желілеріне үлкен шабуыл жасалып, оны жасаған қытайлық хакерлер делінген.

"[Шабуылдың] ауқымы қорқынышты. Біз ненің қолды болғанын білмейміз, мұны сараптама анықтауы тиіс" деп келтірді AFP (Agence France-Presse) Льюистің сөзін.

"Біз не тастап кеткенін де білмейміз. Әдетте келешекте қайта соғу үшін бір нәрсе қалдырып кетеді" деді Льюис.

Кибер шабуыл туралы алғашқы жаңалық 13 желтоқсанда шыққан. Аты-жөні беймәлім АҚШ шенеунігі басылымдарға бұл шабуыл жөнінде ресейлік хакерлердің күдіктеніп отырғанын айтқан.

Ресейдің АҚШ-тағы елшілігі шабуылға қандай да бір қатысы барын жоққа шығарды. 14 желтоқсан күні жасаған мәлімдемесінде елшілік Ресей "кибер кеңістікте Ресей құқықбұзушылық әрекеттерін жасамайды" деді.

Баспасөз құралдары кибер шабуыл жөнінде хабары бар, аты-жөні аталмаған шенеунікке сілтей отырып, шабуылға Ішкі қауіпсіздік, Қаржы және Сауда министрліктері ұшырағанын хабарлады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG