Пандемия кезінде адамдардың жүріп-тұруына шектеу қойылғанымен Еуропаның оңтүстік-шығысындағы Словения мен Хорватия, Венгрия мен Сербия арасындағы шекаралық бекеттерде адамдар сағаттап кептелісте тұр. Associated Press (AP) агенттігінің хабарлауынша, Батыс Еуропада жұмыс істейтін Түркия, Македония, Косово және Босния азаматтары Рождество және жаңа жыл мерекелерін тойлау үшін әдеттегідей өз үйлеріне көліктерімен қайтып жатыр. Мұндай маусымдық көштер жылына екі рет – қыста және жазда болады.
Еуроодақтың еңбек мигранттары көп тұратын мемлекеттері елге қайта кірерде коронавирус тестін тапсыруды және одан кейін карантинге жатуды міндеттеп отыр.
19 желтоқсан күні Хорватияның HRT дейтін телеарнасы Хорватия мен Босния шекарасында ұзын-сонар көлік кептелісі пайда болғанын хабарлады.
Сол күні кешке Сербияның RTS дейтін телеарнасы Венгриямен шекарада саяхаттаушылар кемі төрт сағат тұрғанын айтты. Кейінгі тәулікте Венгриядан Сербия 16 мыңға жуық адам өткен.
Балқан елдерінде коронавируспен күн сайын мыңдаған науқас тіркеліп, ауруханалары лық толып отыр.
Қазіргі көлік кептелісі дәстүрлі маусымдық көшпен ғана емес, Сербияның 21 желтоқсаннан бастап өз аумағына өтушілерден коронавирус тестінің теріс нәтижесін талап етуімен де байланысты дейді AP.
Қолында коронавирус тестінің теріс нәтижесі жоқ Сербия азаматтары өз еліне оралған соң 10 күндік карантинге жатуға міндетті.
ПІКІРЛЕР