Accessibility links

Ауғанстанда көлік жарылысынан 8 адам өліп, парламент депутаты жараланды


Кабулдегі жарылыс орны. Ауғанстан, 20 желтоқсан 2020 жыл.
Кабулдегі жарылыс орны. Ауғанстан, 20 желтоқсан 2020 жыл.

Ауғанстан ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, Кабул қаласындағы көлік жарылысынан кемі сегіз адам қаза тапқан.

Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Тарик Ариан сөзінше, 20 желтоқсанда болған жарылыста қаза тапқандардан өзге тағы да 15 адам жараланған. Оның ішінде парламент депутаты Хан Мохаммад Вардак та болған.

Жарылыс Хушал хан шағын ауданындағы қиылыста депутаттың көлік колоннасы өтіп бара жатқанда болған. Жарылыстан сол маңайдағы көлік өртеніп, үйлер бүлінген.

Телеарнадан көрсетілген видеоға қарағанда, кемі үш көлік жанған.

Арианның сөзінше, қаза тапқандар мен жараланғандар арасында әйелдер мен балалар бар. Ол кісі өлімі мен жараланғандар әлі де көбеюі мүмкін екенін айтты.

Әзірге бұл шабуылға ешбір террор топ мойнына алмаған. Осыған ұқсас бұрынғы шабуылдар кезінде үкімет Талибанды кінәлаған.

Ауғанстанда кейінгі айларда зорлық-зомбылық көбейе түскен. Талибан мен Ауған үкіметі арасындағы келіссөздер де бұған кедергі болмай отыр.

Катар астанасы Дохада өтіп жатқан бейбіт келіссөздер осы айдың басында үш айлық жұмыстан кейін тоқтап қалған. Келіссөз қаңтар айында қайта жалғасуы мүмкін.

Ауғанстанда жүйелі түрде түрлі қақтығыстар болатыны, астанасы Кабулда террор топтар ұйымдастыратын жарылыстар жиі кездесетіні байқалады.

15 желтоқсанда Кабулда мина жарып, оқ жаудыру салдарынан кемі үш адам қаза тапты. Өлгендер арасында губернатор орынбасары да болған.

19 желтоқсанда Ішкі істер министрлігі Талибанның кейінгі үш айда кемі 487 адамды өлтіріп, мыңнан аса адамды жараланғанын хабарлады.

Талибан бұл айыпты терістеп, оны үкіметтің үгіт-насихаты деп санады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG