Accessibility links

Қорғаныс министрлігі кадр департаментінің "пара алды" деп айыпталған экс-басшысы сотталды


Қазақстан қорғаныс министрлігінің ғимараты. 10 маусым 2020 жыл.
Қазақстан қорғаныс министрлігінің ғимараты. 10 маусым 2020 жыл.

Қазақстан қорғаныс министрлігінің кадр және әскери білім департаментінің бұрынғы басшысы генерал-майор Қайрат Көпбаев сотталды. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлады.

"Көпбаевтың 2019 жылғы мамыр айында "Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштерінің әскери институты" республикалық мемлекеттік мекемесіне офицерлік қызметке тағайындау үшін 200 мың теңге (500 доллар шамасында) пара алғаны анықталды. Ақмола гарнизонының әскери соты Көпбаевты 5 жылға бас бостандығынан, мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырды" делінген агенттік таратқан баспасөз хабарламасында.

Сот Көпбаевты генерал-майор әскери атағынан және "Құрмет" орденіне айыру туралы Қазақстан президентіне ұсыныс жіберген.

Қыркүйек айының басында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі "2020 жылы Қорғаныс министрлігінде жемқорлық көбейді. Биылғы жеті айда 2019 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда қылмыстық іс үш есе артты. Былтыр жеті айда 11 іс, биыл сол мерзімде 31 іс қозғалды. Оның 22-сі сотқа жіберілді, Қорғаныс министрлігінің жеті қызметкері сотталды" деген еді. Кейінірек, қараша айында жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысында жемқорлықпен бірнеше әскери қызметкер ұсталғанын хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG