Accessibility links

Қырғызстан: Матраимов мемлекетке келтірген шығынның жартысынан астамын қайтарған


Райымбек Матраимов.
Райымбек Матраимов.

Қырғызстан қаржы министрлігі мемлекеттік кеден қызметі төрағасының бұрынғы орынбасары Райымбек Матраимовтің мемлекетке 1 млрд 223 мың сомды қайтарғанын хабарлады. Кейінгі кезде жемқорлық бойынша айыпталып жүрген бұрынғы шенеунік қараша айының басынан бері мемлекеттің есепшотына барлығы 1 млрд 345 млн сом аударған.

Тергеу оргау органдарының мәліметінше, оның жемқорлық әрекетінің салдарынан бюджетке шамамен 2 млрд сом көлемінде қаржылай шығын (23,6 млн доллар) келген. 18 желтоқсан күнгі ақпарат бойынша, Матраимов шығынның 70 пайызға жуығын өтеген.

17 қазанда Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік комитеті кеден қызметіндегі жемқорлық фактілеріне байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын хабарлаған. 20 қазанда осы іс аясында Райымбек Матраимовтің ұсталғаны белгілі болды. Сол күні сот оны ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатқан. Құқық қорғау органдарының айтуынша, Матраимов мемлекетке келтірген шығынды өтеуге уәде берген.

9 желтоқсанда АҚШ билігі Райымбек Матраимовқа Магнитский актісі негізінде санкция салған. АҚШ қаржы министрлігі сол кезде Магнитский тізіміне енген адамдар мен оларға қатысы бар тұлғалардың, ұйымдардың сол жақтағы активтері бұғатталатынын айтқан.

Азаттықтың Қырғыз қызметі, "Клооп" және Ұйымдасқан қылмыс пен жемқорлықты зерттеу орталығы (OCCRP) жүргізген журналистік зерттеулер топтамасында Райымбек Матраимов аталған.

Журналистік зерттеу жарық көргеннен кейін Райымбек Матраимов, оның бауыры, парламент депутаты Ескендір Матраимов, әйелдері сонымен бірге "Исмаил Ата" қайырымдылық қоры Азаттықты, журналист Әли Токтакунов пен "Клооп" сайтын сотқа берген. Ескендір Матраимов "материалдарды беделімді түсіру үшін жариялады" деп мәлімдеген. Кейінірек 24.kg сайты үстінен түсірген арыздарын қайтып алған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG