Accessibility links

Оралда тойхана иелері биліктен жұмыс істеуге рұқсат беруді талап етті


Тойханасы бар Жеміс Абдрахманова Батыс Қазақстан облысының бас санитарлық дәрігерлеріне кәсіпкерлердің қарызға қалай батып жатқанын айтып тұр. Орал, 21 желтоқсан 2020 жыл.
Тойханасы бар Жеміс Абдрахманова Батыс Қазақстан облысының бас санитарлық дәрігерлеріне кәсіпкерлердің қарызға қалай батып жатқанын айтып тұр. Орал, 21 желтоқсан 2020 жыл.

Дүйсенбі, 21 желтоқсан күні таңертең Орал қаласындағы 50 тойхана мен ресторанның иесі облыстың бас санитарлық дәрігері Мұхамғали Арыспаевпен кездесу үшін санитарлық-эпидемиялық қадағалау департаментіне жиналды. Кәсіпкерлер өздерінің жұмысына қатысты карантин шектеулерін қайта қарап, санитарлық талаптарды сақтай отырып жұмыс істеуге рұқсат беруді талап етті.

– Біз шектеулерге бола жұмыс істей алмай отырмыз. Сол себепті қарызға батып отырмыз: адамдардың банкет өткізу үшін берген алдын ала төлемін әлі күнге қайтарумен келеміз. Несие бойынша берешегіміз көп, коммуналды қызметке де төлеуге мәжбүрміз. Бұл сомалар артып келеді, ал біз ақшаны қайдан аларымызды білмейміз – жұмыс істеп жатқан жоқпыз. Сөйте тұра кафелер мен ресторандар таңнан кешке дейін жұмыс істеп жатыр. Онда қашықтықты ұстанбайды, тіпті кезекте тұрады, – деді тойхана иесі Жеміс Абдрахманова.

Мұхамғали Арыспаев карантин шараларына сілтеп кәсіпкерлерге иелеріне рұқсат етілген уақыт аралығында "түскі және кешкі асты" ұйымдастыруды, ал клиенттерді "жарнама мен баспасөз" арқылы тартуды ұсынды. Кәсіпкерлер болса, тойханалардың адамдарға жеке-жеке қызмет ететін дәмхана секілді жұмыс істей алмайтынын, залдарының салтанат шараларына арналып соғылғанын айтады.

Кәсіпкерлер осындай шараларды өткізуге рұқсат беруді сұрап, санитарлық талаптарды сақтауға, маска тағу тәртібін ұстануға, адам санын шектеуге және қонақтарды бір-біріне алшақ отырғызуға міндеттеніп отыр.

– 50-70 адамдық шағын банкеттер, астар. Бұл қауіпсіз емес пе?! Адамдар келді, отырды. Күндізгі дәмханалардағы адамдар ағымы жоқ. Ал маска, санитайзер, қолғап секілді қажет заттарды бәрі сатып алған, әлдеқашан дайындап қойған, – дейді Жеміс Абдрахманова.

Жергілікті билік екі апта бұрынғы кездесуде жұмыс істеуге рұқсат беруге уәде еткен. Бірақ күні кеше премьер-министр Асқар Мамин Қазақстан бойынша карантин шектеулері енгізілетінін айтты. Жаңа шектеулер аясында 25 желтоқсан мен 5 қаңтар аралығында корпоративтік және мерекелік шараларға тыйым салынады.

Мұхамғали Арыспаев та, кәсіпкерлер кейінірек жолыққан қала әкімі Абат Шыныбеков те осы шектеуге сілтеді.

– Қазір ресторандардың жұмысы тоқтап тұр, өйткені ұжымдық, салтанат шараларына тыйым салынған. [Аурудың] өршіп кету қаупі бар, сол себепті біз облыстың бас санитарлық дәрігері бекіткен талаптарды ұстануымыз керек, – Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков.

Кәсіпкерлер билік өкілдерімен болған кездесуге ризалық танытпады. Олар жұмыс істеуге рұқсат беруді одан әрі талап етпек.

Батыс Қазақстан облысы қазір "жасыл аймаққа" кіреді. Бұл облыста коронавируспен барлығы 8822 науқас тіркелген. Санитарлық дәрігерлердің айтуынша, тіркелген науқастардың жартысында Covid ауруының белгілері байқалмаған. Індет басталғалы аурудан барлығы 154 адам көз жұмған. Өткен тәулікті 40 адамнан коронавирус анықталған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG