Accessibility links

ФСБ: Навальныйдың Кудрявцевпен әңгімесі - "жасанды"


Алексей Навальный.
Алексей Навальный.

Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) Алексей Навальныйдың улануы туралы зерттеуді "шетел арнайы қызметінің көмегімен әзірленген арандату әрекеті" деп атап, Навальныйдың өзін улау операциясына қатысы бар делінген ФСБ өкілі Константин Кудрявцевпен телефон әңгімесін "жасанды" деп жоққа шығарды. ФСБ-ның қоғаммен байланыс бөлімінің мәлімдемесін 22 желтоқсанға қараған түні ақпарат агенттіктері таратты.

Мәлімдемеде арандату әрекеті Ресей федералдық барлау қызметінің беделіне нұқсан келтіру үшін жасалып отыр, оны "шетел арнайы қызметінің техникалық көмегінсіз жүзеге асыру мүмкін емес" деп жазылған.

ФСБ қоңырау шалушының нөмірін өзгертіп көрсететін қосымшаны пайдалану да "шетел арнайы қызметінің жиі қолданатын әдісі" дейді. Мұндай әдіс "осыған дейін де Ресейге қарсы акцияларда пайдаланылған". Мәлімдеме авторы "тексеру жүргізілгенін" де атап өткен.

ФСБ телефон әңгімені жасанды десе де, оған дәлел келтірмеген. ФСБ өкілдерінің Навальныйды улау ісіне қатысы барын жоққа шығаратын фактілер де келтірмеген.

Дүйсенбі күні Алексей Навальный өткен аптадағы Bellingcat зерттеуінде айтылған, өзін улауға қатысы бар деген ФСБ қызметкері Константин Кудрявцевпен телефон әңгімесін видео түрінде жариялаған. Саясаткер ФСБ өкіліне хабарласқан кезде қоңырау шалушының нөмірін өзгертіп көрсететін қосымшаны пайдаланған. Сол себепті Кудрявцев жұмыстан хабарласып жатыр деп ойлаған. Қоңыраудың аудиожазбасына қарағанда, Навальный өзін Қауіпсіздік комитеті хатшысы Николай Патрушевтің көмекшісі Максим Устинов деп таныстырады да, басшылыққа арналған баяндамаға қажет ақпаратты сұрайды.

Телефон әңгімесінде ФСБ қызметкері Константин Кудрявцев деп аталған адам ұшақ Омскіге жедел қонбағанда және дәрігерлер атропинді салмағанда Навальный өліп қалар еді дейді.

"Сәл ұзақ [ұшқанда] барлығы басқаша аяқталар ма еді. Көріп тұрсыз ғой, жағдай солай өрбіді... Бұл – біздің жұмысымызда кездесетін теріс фактор" дейді Навальный сөйлескен адам. Ол сондай-ақ улы заттың саясаткердің ішкиіміне жағылғанын айтты.

Осының алдында ресми Мәскеу Навальныйдың қасақан уланғанын терістеген, ал ел президенті Владимир Путин Навальныйды "улағымыз келсе, аяғына дейін жеткізер едік" деген.

Навальныйдың ФСБ қызметкері делінген Кудрявцевпен әңгімесі Youtube-те жариялағаннан кейін Кудрявцевтің Мәскеудегі үйіне Жемқорлықпен күрес қорының қызметкері Любовь Соболь мен журналистер барған. Олар Кудрявцевтің есігін қаққанмен ешкім шықпаған. Ізінше үйге полицейлер келген. Журналистер подъезден шығарылып, Соболь ұсталған.

  • 14 желтоқсан күні Bellingcat зерттеу тобы, The Insider, CNN, Der Spiegel басылымдары және Навальныйдың жемқорлықпен күрес қоры бірлесе жүргізген зерттеу жарияланды.
  • Материалдың бір бөлігі Азаттықтың Орыс қызметі қатысқан зерттеуге негізделген. Онда Ресейдің "Новичок" секілді әскери улағыш заттарды өндіруді жалғастырып отырғаны айтылады. Зерттеуге сәйкес, мұнымен Мәскеудегі "Сигнал" ғылыми орталығы айналысады.
  • Тамыз айында Томскіден Мәскеуге ұшып бара жатқан Навальныйдың хәлі күрт нашарлап, есінен танып қалған. Пилот ұшақты жол бойындағы Омскіге жедел қондырып, әуежайға шақыртылған жедел жәрдем қызметі Навальныйға атропин дәрісін беріп, оны жергілікті ауруханаға жатқызған. Екі күннен кейін ес-түссіз жатқан Навальныйды арнайы медициналық ұшақпен Берлинге алып кеткен. Берлинде алынған биологиялық үлгілер Навальныйдың "Новичок" уымен уланғанын көрсетті. Бұл нәтижені басқа тәуелсіз зерттеулер де растаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG