Accessibility links

Қытайда індет ошағынан ақпарат таратқан журналист бас бостандығынан айырылды


"Коронавирус ошағы" атанған Уханьдағы базар. 11 желтоқсан 2020 жыл.
"Коронавирус ошағы" атанған Уханьдағы базар. 11 желтоқсан 2020 жыл.

Коронавирус алғаш тараған Қытайдың Ухань қаласынан індет жайлы ақпарат таратқан азаматтық журналист түрме жазасына кесілді.

37 жастағы Чжан Чжань індет алғаш жылдам тарай бастаған кезде Уханьнан видео түсіріп, интернетке жариялаған. Видеодан лық толы ауруханалар мен крематорийлерді көруге болады.

Адвокаттың айтуынша, журналист вирус ошағынан репортаж әзірлегені үшін төрт жылға бас бостандығынан айырылған. Шанхай соты оны инфекция тараған шақта "кикілжің-дау өршітті" деп кінәлі таныған.

"Үкім оқылып жатқан кезде Чжан Чжан құлазып тұрды" деді 28 желтоқсанда адвокаттарының бірі Жэнь Цюаньню. Үкім кезінде журналистің анасы көз жасын тия алмаған.

Адвокат сотталушының денсаулығына алаңдайды. Өйткені, маусым айында Чжан аштық жариялап, ізінше түтікшемен мәжбүрлі түрде тамақтандырылған. Журналист ауыр үкім шықса, тамақтан толық бас тартатынын айтқан.

Биыл жыл басында Қытайда Уханнан репортаж әзірлеген азаматтық журналистер ұсталған. Чжан Чжан - сол бойынша айыпталып, үкім шыққан алғашқы журналист.

Осыған дейін Қытай ауру туралы деректерді жасырды деген күдікке ілінген.

Келесі айда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ондаған ғалымы Ухань қаласына барып, індетті зерттейді. Пекин тәуелсіз зерттеу жүргізуге келісуге мәжбүр болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG