Accessibility links

Йемендегі Аден әуежайында болған жарылыстан кемі 27 адам қаза тапты


Йеменнің Аден қаласындағы әуежай. 30 желтоқсан, 2020 жыл.
Йеменнің Аден қаласындағы әуежай. 30 желтоқсан, 2020 жыл.

Йеменнің оңтүстік-батысындағы Аден әуежайында сәрсенбі күні болған бірнеше жарылыс пен атыстан кемінде 27 адам қаза тапты, ондаған адам жарақаттанды. Бұл туралы Йемен үкіметіне сілтеме жасаған Al Hadath басылымы хабарлады.

Басылым дереккөздерінің айтуынша, жарақат алғандардың арасында министр орынбасары сияқты лауазымдағы адамдар да бар. Кей деректерге қарағанда, әуежайда бірнеше жарылыс болған, ғимаратты минометпен атқылаған.

Оқиға Йеменнің жаңа үкіметінің мүшелері Сауд Арабиясынан елге оралып, әуежайға қонып жатқан сәтте болды. Бейнекадрлардан әуежайда адамдардың әбігерге түскені, ғимараттың үстінен түтін шығып жатқаны байқалады. Әзірге жарылысқа жауапкершілікгі ешкім мойнына алған жоқ.

Йемен спорт министрінің орынбасары Хамза әл-Камали бұл шабуылды хусит жасақтары ұйымдастырған болуы мүмкін деген болжам айтты.

Желтоқсанда Йемен президенті Абд Раббо Мансұр Хади елдің жаңа үкіметін құру туралы жарлық шығарған. Йемендегі қарулы қақтығыс 2014 жылғы наурыздан бері жүріп жатыр. Сауд Арабиясы бастаған араб коалициясы елдің бір бөлігін бақылауда ұстап отырған хуситтермен күресте Абда Раббо Мансұр Хадидің әскеріне қолдау білдіріп келеді. Батыста бүлікшілерді Иран қолдап отыр деген болжам бар.

Сауд Арабиясының қолдауымен өткен ұзаққа созылған билікті бөлісу жөніндегі келіссөздерден соң Йеменнің жаңа үкіметі 26 желтоқсанда ант қабылдаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG