Accessibility links

Ақтөбе облысы әкімдігі: Шахтада қаза тапқан жұмысшылар газдан уланған болуы мүмкін.


Ақтөбе облысы Қазақстан картасында.
Ақтөбе облысы Қазақстан картасында.

Алдын ала тексерулер нәтижесіне қарағанда, "Ақтөбе мыс компаниясының" жұмысшылары тұншықтырғыш газдан уланып қалған. Бұл туралы Ақтөбе облысының әкімдігі хабарлады.

30 желтоқсан күні Ақтөбе облысы Хромтау ауданы Көктау ауылындағы "Весенняя Аралчинская" ЖШС шахтасында жарылыс жұмыстары кезінде төрт адам қаза тауып, бір адам зардап шеккен. Әкімдіктің хабарлауынша, тірі қалған кеншінің денсаулығы қауіп төніп тұрған жоқ, жедел медициналық көмек көрсетілген соң оны үйіне жіберген.

Азаттық сөйлескен оқиға куәгері (есімін атамауды өтінді) төрт адамның мәйіті жер астынан 31 желтоқсан күні таңғы 4.00-де шығарылғанын айтады. Оның сөзінше, өндіріс уақытша тоқтап тұр.

– Күндізгі ауысым аяқталған соң, бес адам кен өндіретін жерді жарып, келесі ауысымға дайындап кетуі керек еді. Сағат 7.00-ден өте диспетчер "взрывниктер шықпай жатыр" деп хабарлады. Сәлден соң жер астына бірге түскен бес адамның бірі "қасымдағылардың бәрі қайтыс болды" деп телефонмен хабар берді. Ол улы газ тарай бастағанда жерге жата қалған. Сыртқа шығарғанда есі бар, сөйлеп жатты, – дейді кенші.

Оқиға куәгері мыс шахтасында қаза тапқандарды "40-50 жас аралығындағы тәжірбиелі мамандар" деп сипаттады. Көктаудағы кеніште вахталық әдіспен жұмыс істейтін олар 31 желтоқсан күні үйлеріне оралуы тиіс болған.

Шахта "Ақтөбе мыс компаниясына" тиесілі. Ал бұл компанияға мыс өндіру бойынша Ресейдегі ең ірі үшінші компания – "Орыс мыс компаниясы" иелік етеді. Оның негізін қалаған – Forbes журналы 4,1 миллиард доллары бар деген ресейлік миллиардер Игорь Алтушкин.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG