Accessibility links

Оралдық кәсіпкерге бір бап бойынша екі рет айыппұл салған


Белсенді Орынбай Оқасов Орал қаласының орталық алаңында. 10 ақпан 2020 жыл.
Белсенді Орынбай Оқасов Орал қаласының орталық алаңында. 10 ақпан 2020 жыл.

Белсенді Орынбай Оқасовқа "заңсыз үгіт-насихат" үшін екі түрлі сот айыппұл салған. Бірі Орал қалалық, бірі аудандық сот. Сот отырыстары екі күн қатарынан жүрген. Жалпы есеппен белсенді 140 мың теңгеге жуық (330 доллар) төлеуі тиіс.

Іс материалдарына қарағанда, Орынбай Оқасов "Ақ жол" партиясының үнпарақтарын таратқан. Белсенді тарату акциясы кезінде түсірілген видеоны Facebook желісінде жариялаған.

– Интернет-ресурстарды бақылау кезінде "Орынбай Оқасовтың" әлеуметтік парақшасынан Қаратөбе ауылының жанындағы аялдамада "Ақ жол" партиясына дауыс беруге шақыратын, "Нұр Отан" партиясына қарсы үгіттейтін үнпарақтарды таратудың онлайн түсірілімі анықталды, – деп оқыды іс материалын Қаратөбе аудандық сотының судьясы Марат Сисенғали 30 желтоқсан күні өткен сот отырысында.

Дәл осындай үгіт-насихат жұмысын Оқасов Орал қаласында да жүргізген. Бұл туралы 31 желтоқсан күні Орал қаласының соты қарастырған әкімшілік істің материалында жазылған.

Екі сот та Оқасовқа Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 113-бабы ("Анонимдік үгiттеу материалдарын дайындау немесе тарату") бойынша 69 450 теңгеден айыппұл салған.

Оқасовтың өзі "Ақ жол" партиясының үнпарақтарын жабыстырып жүргенін мойындайды. Бірақ ол партияның мүшесі емес. Белсенді Азаттыққа "Ақ жол" партиясының қатарына қабылдамай қойғанын айтты.

– Бұл бапты маған заңсыз қолданды – мен партия мүшесі емеспін, сол себепті партия туралы ақпаратты тарата аламын. "Ақ жол" партиясын үгіттеу – менің азаматтық қалауым, – деді Оқасов.

Белсенді сот шешімімен келіспейді, даулауға бекініп отыр. Орынбай Оқасов көптеген қарсылық акциясына қатысқан, өзі пикеттер ұйымдастырған. Митинг болады деген күндердің алдында және акциялардың кезінде сан мәрте ұсталған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG