Accessibility links

Тоқаев өлім жазасын жою туралы заңға қол қойды


Қазақстан президентінің резиденциясы - Ақорда.
Қазақстан президентінің резиденциясы - Ақорда.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің өлім жазасынан бас тартуға міндеттейтін екінші факультативті хаттамасын ратификациялау туралы заңға қол қойды. Бұл туралы 2 қаңтарда президенттің баспасөз қызметі хабарлады.

Бұған дейін, былтыр 23 желтоқсанда заң жобасын парламент қабылдап, президентке қол қоюға жіберген. Мәжілісте құжатты таныстырған сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Қазақстан хаттаманы толық ратификациялағаннан кейін өлім жазасын тек бір жағдайда ғана қолдануы мүмкін деп мәлімдеген.

"Екінші факультативтік хаттаманың 2-бабына сәйкес, Қазақстан соғыс уақытында жасалған әскери ауыр қылмыстар үшін кінәлі деп танылғандарға, соғыс уақытында өлім жазасын қолдану құқығын өзіне қалдырады" деген министр.

Былтыр қыркүйек айында Қазақстанның Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші факультативті хаттамасына қосылуы жайлы түсініктеме берген президент Тоқаев "Конституцияға өзгеріс енгізу қажет емес" деп айтқан. Қазақстан Конституцясында өлім жазасы әскери қылмыстарға қоса террорлық қылмыс жасағандарға да қолданылатыны көрсетілген. Ал халықаралық хаттамада ондай ескертпе жасауға болмайды деген талап бар.

Бұдан бөлек қолданыстағы Қылмыстық кодексте оннан астам қылмыс құрамы ("мемлекетке опасыздық жасау", "терроризм", "соғыс уақытында жасалған ауыр қылмыстар" және т.б.) бойынша өлім жазасын қолдану қарастырылған. Соның ішінде елдің бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа қастандық жасау қылмысы үшін де өлім жазасы қарастырылған.

Құқық қорғаушылар Қазақстан билігін осыған дейін бірнеше рет өлім жазасын біржола жоюға үндеген.

Постсоветтік мемлекеттер арасында өлім жазасын қолданып келе жатқан жалғыз ел - Беларусь. 1990 жылдан бері осы елде 400-ден астам адам сот үкімімен өлім жазасына кесілген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG