Accessibility links

Хабаровскіде қамаудағы экс-губернаторды қолдау акциясы өтті


Ресейдің Хабаровск өлкесінің бұрынғы губернаторы Сергей Фургал (сол жақта) сот отырысы кезінде. Мәскеу, 25 қараша 2020 жыл.
Ресейдің Хабаровск өлкесінің бұрынғы губернаторы Сергей Фургал (сол жақта) сот отырысы кезінде. Мәскеу, 25 қараша 2020 жыл.

2 қаңтар күні Ресейдің Хабаровск өлкесі үкіметі орналасқан ғимараттың алдына ондаған адам жиналып, қазір қамауда отырған Хабаровск өлкесінің бұрынғы губернаторы Сергей Фургалға қолдау білдірді. Бұл туралы Азаттықтың Орыс қызметі хабарлады. Жиырма градус аязға қарамастан алаңға негізінен зейнет жасындағы тұрғындар мен блогерлер жиналған.

Хабаровскіде былтырғы шілде айынан бері әр аптаның соңына қарай жергілікті биліктің келісімін алмастан жұрт наразылық акциясына шығып, оның соңы шеруге ұласатыны дәстүрге айналған. Бірнеше айдан бері осы сенбіде алғаш рет шеру өткен жоқ. Мэрия дерегінше, өткен жарты жылда наразылық акциясы кезінде полиция бес жүзден астамды ұстап әкеткен, жүзден астам адам қамауға алынған. Қырықтан астам адамды сот қоғамдық жұмыс атқаруға міндеттеген.

Сенбі күні Хабаровска мэриясы наразылық акциясын байқамаған сыңай танытты. "Жұмыс күндері де, демалыс күндері де митингілер өтпейтін болған. Қазір өлке орталығындағы Ленин алаңында рұқсат етілмеген жаппай акцияға қатысушы адамдар байқалмайды" деп хабарлады қала әкімшілігінің баспасөз қызметі.

  • Сергей Фургал 2020 жылы шілдеде он бес жыл бұрын кәсіпкерлерді өлтіруді ұйымдастырған деген күдікпен ұсталып, Мәскеу сотының шешімімен тұтқындалған. Ол өзіне тағылған айыптарды мойындамайды. Фургалдың жақтастары оның "саяси тұтқын" деп біледі. Ресей либерл-демократиялық партиясының мүшесі Фургал сайлауда биліктегі "Единая Россия" партиясының өкілін жеңіп, өлке губернаторы болып сайланған.
  • Былтыр 17 желтоқсанда өткен баспасөз мәслихатында Ресей президенті Владимир Путин Фургалдың ісі заңға сай тергеліп жатыр деп мәлімдеген. "Сергей Фургалдың әлгіндей айыптармен ұсталғаны туралы хабарға қынжылған адамдарды түсінемін. Себебі олар дауыс беріп, жұмыс істейді деп сенді, түсінемін. Бірақ осындай айыптар тағылған соң не істеу керек?" деген Путин "Единая Россия" партиясының өкілдері болған аймақ басшыларының арасында да айып тағылып, үстінен іс қозғалғандар болғанын еске салды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG