Accessibility links

Шотландияның бірінші министрі ел дербестік алып, ЕО-ға қосылады деп үміттенетінін айтты


Никола Стерджен
Никола Стерджен

Шотландия тәуелсіздік алып, Еуропа одағына қосылады. Аймақтың бірінші министрі Никола Стерджен 2 қаңтардағы мәлімдемесінде осындай үміті барын айтты. Бұл мәлімдеме Шотланд ұлттық партиясының сайтында жарияланды.

Ұлыбритания Біріккен Корольдігінің құрамына кіретін елдің ең жоғары лауазымды тұлғасы Никола Стердженнің айтуынша, шотландтықтардың көпшілігінің қалауына қайшы келетін Брекзит пандемия өршіп, экономика құлдырап жатқан қиын шақта жүзеге асты.

Мұның алдында ғана Ұлыбритания Еуропа одағы құрамынан ресми түрде шығып кеткен. Стерджен Шотландия тәуелсіздік алып, Еуроодаққа дербес түрде қосылады деп үміттенетінін тағы да айтты.

Бірінші министрдің айтуынша, Еуроодаққа мүше болған жарты ғасыр ішінде Шотландия мұның көп игілігін көрді, соның ішінде одақ ішінде еркін жүріп-тұру мүмкіндігіне ие болды. Еуропа елдерінен шыққан 230 мыңдай адам Шотландияда тұрып жатыр. Никола Стерджен оларды шотланд қоғамының бір бөлігі деп атап, "Олардың елде қалғанын шынымен қалаймыз" деді.

2020 жылғы 31 желтоқсанда Ұлыбритания Еуропа одағынан шығу процесі – Брекзитті тәмамдады. Өткен жылдың соңына дейін өтпелі кезең болды. Лондон мен Брюссель бұдан былай қол жеткен келісімдер негізінде алыс-беріс жасасады. Солардың бастысы – ешқандай тариф пен квота белгіленбеген сауда және ынтымақтастық келісімі.

Ақпарат құралдарының хабарлауынша, 1 қаңтарда түн жарымынан соң Ұлыбританиядан шыққан жүк көліктері француз кеденшілеріне тиісті құжаттарын көрсетіп, Францияға қарай өткен. Шекарада ешқандай қиындық болмаған.

2016 жылы Британия халқы Еуропа одағынан шығуды жақтап дауыс берді. Ұлыбритания Еуроодаққа 1973 жылы кірген. Одақ құрамынан алғаш шыққан да осы ел болды. Біріккен корольдік құрамындағы Солтүстік Ирландия мен Шотландия тұрғындары сол референдумда одақта қалуды жақтаса, Англия мен Уэльс ұйымнан шығуды қолдаған. Жалпы Ұлыбритания бойынша ЕО-дан шығуды қолдағандар үлесі 52 пайыздай ғана болған.

Британияның Еуроодақтан шығу шарттарына қатысты келіссөздер 2017 жылдың маусым айында басталып, әу баста екі жылда бітеді деп жоспарланған, бірақ ортақ келісім болмауына байланысты бірнеше рет кейінге қалдырылып келген. Тек Борис Джонсон басқарған консерваторлар мерзімінен бұрын болған сайлауда жеңіске жеткеннен кейін ғана британ парламенті келісім жобасын мақұлдаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG