Accessibility links

10 қаңтардағы сайлауда ЕҚЫҰ-ның отыздай бақылаушысы болады


"Нұр Отан" және "Ақ жол" партияларының сайлауалды науқан кезіндегі жарнамасы. Нұр-Сұлтан, 30 желтоқсан 2020 жыл.
"Нұр Отан" және "Ақ жол" партияларының сайлауалды науқан кезіндегі жарнамасы. Нұр-Сұлтан, 30 желтоқсан 2020 жыл.

ЕҚЫҰ парламент ассамблеясы 10 қаңтарда Қазақстанда өтетін парламент сайлауына бес елден жеті парламент мүшесі мен қызметкерін жібереді. Бұл туралы ұйым 4 қаңтарда хабарлады. ЕҚЫҰ бақылаушылары ел астанасы Нұр-Сұлтанда болып, ЕҚЫҰ-ның демократиялық институттар және адам құқығы бюросы жіберген ұзақ мерзімді бақылаушылармен бірге жұмыс істемек. Ұйымның мәліметінше, Қазақстандағы сайлауда ЕҚЫҰ-ның барлығы отыздай бақылаушысы болмақ.

Болгарияның бұрынғы сыртқы істер министрі, қазір ЕҚЫҰ парламент ассамблеясының вице-президенті Кристиан Вигенин ЕҚЫҰ жіберетін қысқа мерзімді бақылаушылар тобының жетекшісі ретінде тағайындалды. Ол 11 қаңтарда Нұр-Сұлтанда баспасөз мәслихатын өткізіп, сайлаудың өту процесін қорытындылайды.

"Бұл сайлау кейінгі жылдары Қазақстанда өзгерген заңдар мен жаңа реформалардан кейін өтетін алғашқы науқан болмақ. Қазақстан заңдарды өзгертіп, реформа қабылдағанда ЕҚЫҰ-ның бұған дейін айтқан кейбір ұсыныстарын да ескерді. Біздің бақылаушылар бұл өзгерістердің жүзеге асқан сәтін асыға күтеді" дейді Вигенин.

ЕҚЫҰ 10 қаңтардағы сайлауды 1990 жылы қабылданған ұйымның Копенгаген құжатына сай бағалайды. Қазақстан да қол қойған Копенгаген құжатына сәйкес, сайлау демократиялық жолмен, таза және әділ өтуі тиіс. Құжатқа қол қойған ел сайлауда БАҚ жұмысына кедергі келтірмей, дауыс нәтижесін нақты жариялауы керек.

ЕҚЫҰ осыған дейінгі Қазақстандағы президент және парламент сайлауларын демократиялық талаптарға сай өтпеді деп бағалаған.

10 қаңтарда өтетін мәжіліс және мәслихат сайлауына биліктегі «Нұр Отан» (партияны елдің экс-президенті, билікке әлі ықпал етіп отырған Нұрсұлтан Назарбаев басқарады) мен "Ақ жол", "Адал", "Ауыл" және "Қазақстан халық партиясы" қатысады. Сарапшылар 10 қаңтарға жоспарланған сайлауға билікке жақын партиялар ғана жіберілді деп санайды.

Қазақстанда мәжіліс пен мәслихатқа тек партиялық тізіммен сайланады. Жеке кандидаттар сайлауға өзін ұсына алмайды.

Елде бірқатар ұйымдар мен белсенділер биліктен жеке кандидаттарды тіргеуді талап еткенімен, билік бұған құлақ аспай келеді. Қазақстандағы оппозициялық топтар сайлау, бейбіт жиын туралы заңнаманы өзгертуді талап етіп, сайлауды кейінге қалдыруды талап етіп жүр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG