Accessibility links

Қазақстанда мәжіліс және мәслихат сайлауын 400-ге жуық халықаралық байқаушы бақылайды


Президент сайлауын бақылап отырған байқаушылар. 9 маусым 2019 жыл.
Президент сайлауын бақылап отырған байқаушылар. 9 маусым 2019 жыл.

10 қаңтарда өтетін мәжіліс және мәслихат сайлауын 400-ге жуық халықаралық байқаушы бақылайды. Бұл туралы 4 қаңтарда орталық сайлау комиссиясы өкілдері хабарлады.

Халықаралық байқаушыларды тіркеу процесі 4 қаңтар жергілікті уақыт бойынша кешкі сағат 18.00-де аяқталған.

ОСК мәліметінше, барлығы 398 халықаралық байқаушы тіркелген: 322-і - 10 халықаралық ұйымның атынан қатысады: ТМД парламентаралық ассамблеясы (48), ТМД атқару комитеті (179), Ислам ынтымақтастық ұйымы (4), ЕҚЫҰ демократиялық институттар мен адам құқығы бюросы (42), ЕҚЫҰ парламенттік ассамблеясы (9), Шанхай ынтымақтастық ұйымы (15), Түркітілді мемлекеттер ынтымақтастық кеңесі (7), Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының парламенттік ассамблеясы (7), Түркітілді елдер парламенттік ассамблеясы (9), Еуроодақтың Қазақстандағы өкілдігі (2). Бұған қоса, 31 мемлекеттен 76 байқаушы қатысады.

Қазақстанда мәжіліс және мәслихат сайлауы 10 қаңтарда өтеді. Елде 4 желтоқсанда қабылданған кандидаттардың сенімді тұлғалары, байқаушылар мен ақпарат құралы өкілдерінің құқықтары мен міндеттері көрсетілген қаулы үкіметтік емес ұйымдар тарапынан сынға ұшыраған. Құқық қорғаушылар мен белсенділер қаулы байқаушылар құқығын шектейді деп санайды. Олар жоғарғы сот пен бас прокуратурадан қаулының күшін жоюды сұраған. Ал ОСК басшысы осыған дейін айтылған сындарды негізсіз деп атаған.

Өткен аптада жоғарғы сот қаулыға байланысты түскен 32 шағымның кері қайтарылғанын хабарлады. Жоғарғы соттың баспасөз қызметі арыз иелері "құжаттарды рәсімдеуге қатысты талаптарды сақтамады" деп мәлімдеген. Ал шағым иелері жоғарғы сот жауабымен келіспейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG