Accessibility links

Ресей елшілігі алдында пикет өткізбек болып, жауапқа тартылған белсенді Жоғарғы сотқа шағымданады


Белсенді Айтқожа Фазыл (оң жақта).
Белсенді Айтқожа Фазыл (оң жақта).

Ресейдің Нұр-Сұлтандағы елшілігі алдында жалғыз адамдық пикет өткізбек болып, әкімшілік жазаға тартылған қарағандылық белсенді, зейнеткер Айтқожа Фазыл сот шешіміне байланысты Жоғарғы сотқа шағым түсіру үшін құжат әзірлеп жатыр. Ол 30 желтоқсанда апелляциялық соттан жеңілген.

Желтоқсан айының ортасында белсенді Ресей думасы депутаттарының Қазақстан аумағы туралы айтқандарына наразылық білдіріп, Нұр-Сұлтандағы елшілік алдында пикет өткізбек болған. Алайда Нұр-Сұлтанға бара жатқан жолда ұсталып, полиция бөлімшесіне жеткізілген. Ізінше Әкімшілік кодекстің 488-бап 4-тармағы ("бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу") бойынша үстінен хаттама толтырылып, 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (139 мың теңгеге жуық) айыппұл салынған.

Бірінші инстанциядағы соттың мәліметінше, Фазыл қаланың өзге де тұрғындарын бейбіт жиынға қатысуға шақырып, заңды бұзған. Ал Фазыл Ресей думасы депутаттарының айтқандарымен келіспейтінін көптің көзінше жеткізгісі келгенін, әлеуметтік желідегі хабарламасының бірінші кезекте ақпарат құралдарына арналғанын айтқан.

Сот қаулысында Фазыл Нұр-Сұлтан қаласының жергілікті атқару органына ескерту тапсырмай, осылайша "бейбіт жиын ұйымдастыру тәртібін бұзды" деп жазылған. Ал белсенді әкімдіктің Facebook-тағы аккаунтында ескерту қалдырғанын айтады.

- Тез арада қимылдау қажет болды. Мен тарихи тұрғыда бұл дұрыс емес, [Ресей депутаттары] қателесіп тұр деп айтқым келген. Ресей депутаттардың сөзіне қарсы адамдар бар екенін көрсін дегенмін. Билікті бұл жөнінде хабардар еттім де, олар біледі. Сол себепті де мені ұстады. Айыппұл көлемі зейнетақымнан да көп. Әкімшілік сотқа тарту қазақстандықтардың патриоттық сезімін, туған елге, жерге деген махаббатын жояды. Себебі адамдар бәрібін одан түк шықпайды деп санай бастайды. Тоқаевтың өзі жария түрде тойтарыс беру керек деп айтты емес пе. Менің де солай істегім келген. Енді міне, не істеп отырғанын көріп отырсыздар, - деді Айтқожа Фазыл Азаттық тілшісіне.

Ресей мемлекеттік думасының білім және ғылым комитетінің жетекшісі, биліктегі "Единая Россия" партиясы фракциясының мүшесі Вячеслав Никонов 10 желтоқсанда ресейлік "Первый канал" телеарнасындағы "Большая игра" бағдарламасында "Қазақстан аумағы – Ресейдің Қазақстанға берген үлкен сыйы" деп мәлімдеген. Ізінше мемлекеттік дума депутаты Евгений Федоров "Қазақстанмен біртұтас мемлекетті қалпына келтіру" туралы айтқан. Бұл қоғамда қызу талқыланып, ізінше Қазақстан СІМ Ресейдің уақытша өкіліне нота тапсырғанын хабарлаған.

Кейбір қазақстандық сарапшылар мұндай сөз тегін айтылған жоқ, артында үлкен күштер тұр деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG