Accessibility links

Таразда көп балалы әйелдер 21 мың теңге жәрдемақыны қайтаруды талап етті


"21 мың әр балаға берілсін!" Жамбылдық көп балалы әйелдер әкімдікке келді
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:51 0:00

"21 мың әр балаға берілсін!" Жамбылдық көп балалы әйелдер әкімдікке келді

6 қаңтарда Таразда облыс әкімдігі алдына 20 шақты көп балалы әйел жиналып, 21 мың теңге жәрдемақыны қайтаруды талап етті. Олар көп балалы аналарға берілетін жеңілдік, әлеуметтік пакет сияқты ұсақ төлемдердің барлығын жойып, бала басына 21 мың теңге төлеуді сұрады.

- Әр балаға 21 мың теңгеден берсін! Басқа төлемдердің керегі жоқ! 4 балам бар. 21 мың теңге берілген кезде 84 мың теңге алып жүрген едім. Енді ол 44 500 теңгеге қысқарып қалды. Оның өзінде де мүгедек балаларға берілетін жәрдемақыны да санайды. Пәтер жалдап тұрамыз, тамағымыз бар. Азық-түлік қымбаттады. Жәрдемақы жетпейді, - дейді Тараз тұрғыны Бақытгүл Берікбосынова.

Жиналғандар сонымен бірге "көп бала, аз бала" деп бөлмей, бала басына 21 мың теңге төленсін деген талап айтты.

- 21 мың теңге берілген кезде аналардың жағдайы сәл де болса жақсарып қалған еді. Енді қысқартып тастады. 21 мың теңге көп балалы отбасылармен қатар бір, екі, үш баласы барларға ғана берілсін! Мен 7 баланың анасы болсам да, олардың да атынан сөйлегім келеді, - деді Хамида Беласарова.

Наразылар "21 мың берілсін!" деп те айқайлады. Олардың наразылықтарын басында сырттай бақылаған әкімдік өкілдері ішке кіруге шақырған. Бірақ әйелдер келіспеді.

Мұнан соң әйелдерге келген Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Ержан Жылқыбаев "21 мың теңге жәрдемақыны қайтару талабы былтырдан бері айтылып келе жатқанын, парламентте де талқыланғанын" еске салды. Ол жиналғандарға облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың "қолы бос емес" екенін айтып, алдағы екі-үш күнде бірнеше көп балалы әйелді әкімнің қабылдауына кіргізуге уәде етті. Басында ішке кіруден бас тартқан әйелдер Жылқыбаевтың уәдесіне сенгендей болды.

Қазақстанда көп балалы әйелдер алғаш рет 21 мың теңге жәрдемақыны қайтаруды талап етіп тұрған жоқ. Былтыр жазда сондай талаппен еңбек министрлігіне келіп, ғимарат алдында түнеп шыққан әйелдерді арнайы жасақ ұстап әкеткен. Мұндай талап Қазақстандағы ең ірі үш қаланың бірі Шымкентте де көтерілген.

21 мың теңге жәрдемақы алғаш рет елде наразылық көңіл-күйі артып, көп балалы әйелдер акциясы жиілеген шақ - 2019 жылдың көктемінен бастап беріле бастаған. Бірақ біраз уақыт өткен соң билік "елде үкіметке қол жаятындар" көбейіп кеткенін, "масылдық артып бара жатқанын" айта бастады. Артынша үкімет жәрдемақы мен атаулы әлеуметтік көмек төлеу шартын өзгертіп, парламент пен президент оны қолдаған.

2019 жылы күзде қабылданған ережеге сай, үкімет көп балалы отбасыларға табысына, әлеуметтік жағдайына қарамай ай сайын жәрдемақы төлейді. Бірақ төрт балаға - 42 496 теңге (бір балаға 10 500 теңге), бес балаға - 53127 теңге, алты балаға - 63 757 теңге, жеті және одан көп балаға 74 388 теңгеден береді.

2019 жылдың 1 сәуірінен бері көп балалы және тұрмысы төмен отбасындағы әрбір балаға 21 мың теңге көлемінде қаражат беріліп келсе, 2020 жылдан бастап АӘК тек күнкөріс деңгейі мен кедейлік шегіне байланысты төленетін болған. Наразы әйелдер бұл шешіммен келіспейді.

Жамбыл облысы әкімдігінің мәліметінше, облыста 32 мыңнан астам көп балалы отбасы бар. Мүгедектігі бар 46 мың адам тұрады. Облыстық еңбек және әлеуметтік қорғау департаментінің айтуынша, 2020 жылдың басынан бері 31 мыңнан аса отбасына әлеуметтік көмек беру үшін 1,4 млрд теңге жұмсалған.

  • 16x9 Image

    Ақсәуле ӘБІТАЙ

    Ақсәуле Әбітай - Азаттықтың Жамбыл облысындағы тілшісі. Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG