Accessibility links

Ақтөбе соты 10 қаңтарда наразылыққа шықпақ болған үш белсендіні қамады


Асылхан Жаубатыров
Асылхан Жаубатыров

Ақтөбе әкімшілік соты 5 қаңтарда белсенділер Айтжан Темірғазиев, Берікжан Тоқин мен Асылхан Жаубатыровты "бейбіт митинг өткізу тәртібін бұзды" деп айыптап (Әкімшілік кодекстің 488-бабы), жеті тәулікке қамады.

Облыстық сот үш белсенді 4 қаңтар түнгі сағат 23:00 шамасында Ақтөбедегі көпқабатты үйдің қабырғасына үнпарақ жапсырып жүрген кезде ұсталғанын растады.

Сот үш белсенді жұртты 10 қаңтарда Ақтөбедегі Орталық стадион алдына митингіге шақырғанын, бұл шараның заңсыз екенін алға тартады.

Жеті тәулікке қамалған Айтжан Темірғазиев, Берікжан Тоқин мен Асылхан Жаубатыров – Ақтөбеде өтетін билікке қарсы бейбіт митингілерге жиі қатысып, билікке саяси талаптар қойып жүретін белсенділер. Қазақстандағы Қытай жобаларына, жердің шетелдіктерге жалға берілуіне қарсы болып, бірнеше мәрте қамалған. Азаттық тілшісі белсенділердің туыстарымен байланыса алмады.

Qaharman.kz адам құқықтарын қорғау қорының жетекшісі Дана Жанай сайлау қарсаңында үш белсендінің қамалуын "биліктің қысымы" деп санайды.

- Қазақстан билігі белсенділерді оқшаулау арқылы олардың сайлауды бақылауына кедергі жасамақ. Билік әр адамның дауыс беру, таңдау құқығы бар екенін ескермей, демократиялық реформалардың иллюзиясын ғана жасап отыр. Ақтөбелік белсенділер Темірғазиев, Тоқин мен Жаубатыровтың қамалуын сайлау қарсаңында тәуелсіз бақылаушылар, ұйымдар мен қарапайым тұрғындарға жасалған қысым деп бағалаймыз, - дейді Qaharman.kz адам құқықтарын қорғау қорының жетекшісі, құқық қорғаушы Дана Жанай.

Qaharman.kz адам құқықтарын қорғау қоры Ақтөбе полициясы 6 қаңтар күні тағы бір белсенді Берік Ноғаевты ұстағанын хабарлады. Қандыағаш қаласының тұрғыны Ноғаевтың қай жерде, не үшін ұсталғаны белгісіз. Полиция Азаттықтың Ноғаевқа қатысты сауалдарына әзір жауап бермеді.

Қазақстандық құқық қорғаушылар 10 қаңтарға белгіленген парламент сайлауы алдында тәуелсіз бақылаушылар мен белсенділерге қысым үдегенін айтады. Елде ондаған белсенді түрлі айыппен қамауға алынған. Кейбірі үйқамақта отыр. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында да полиция Қазақстанның әр аймағында ондаған адамның үйін тінтіп, кейбірін тұтқындаған.

10 қаңтарда өтетін мәжіліс және мәслихат сайлауына биліктегі "Нұр Отан" (партияны елдің экс-президенті, билікке әлі ықпал етіп отырған Нұрсұлтан Назарбаев басқарады) мен "Ақ жол", "Адал", "Ауыл" және "Қазақстан халық партиясы" қатысады. Сарапшылар 10 қаңтарға жоспарланған сайлауға билікке жақын партиялар ғана жіберілді деп санайды.

Қазақстанда мәжіліс пен мәслихатқа тек партиялық тізіммен сайланады. Жеке кандидаттар сайлауға өзін ұсына алмайды.

Елде бірқатар ұйымдар мен белсенділер биліктен жеке кандидаттарды тіргеуді талап еткенімен, билік бұған құлақ аспай келеді. Қазақстандағы оппозициялық топтар сайлау, бейбіт жиын туралы заңнаманы өзгертуді талап етіп, сайлауды кейінге қалдыруды талап етіп жүр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG