Швейцария Қазақстанда "жүздеген миллион доллар жымқырды" деп айыпталып, сырттай сотталған Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпунов пен әйелі Лейла Храпуноваға саяси баспана берді. Бұл ақпаратты 7 қаңтарда Швейцария федералдық әкімшілік соты хабарлады.
"Сот ерлі-зайыптының елден кетіп, саяси оппозициялық қызмет жасауын 2019 жылы отставкаға кеткеніне қарамастан елдің құқықтық жүйесіне ықпалы бар Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа адалдық танытпауы деп біледі. Егер ерлі-зайыптылар еліне қайтарылса, ол жақта әділетсіз сотқа тартылуы мүмкін" делінген баспасөз хабарламасында.
Сот хабарламасында бұған қоса, Храпуновтардың "Қазақстан мен Швейцарияда қазақ билігі ұйымдастырған ақпараттық кампанияның" нысанына айналғаны жазылған.
"Олар [ерлі-зайыпты Храпуновтар] сонымен бірге Швейцарияда кибершабуыл мен қазақстандық құпия қызметтің аңдуына ұшырады, өз елінде және шетелде қылмыстық істер бойынша қудаланды" делінген хабарламада.
Лейла Храпунова Facebook-тағы парақшасында "қуанышты хабармен" бөлісіп, "Швейцария осындай шешім арқылы Храпуновтардың саяси себеппен қудаланып жатқанын ресми түрде мойындады" деп жазды.
Қазақстан билігі әзірге ақпаратқа реакция білдірмеді.
Алматының бұрынғы әкімі, Қазақстанның бұрынғы энергетика министрі, 72 жастағы Виктор Храпунов қазір Швейцарияда тұрып жатыр. Храпуновқа және оның жақындарына Қазақстан билігі сыбайлас жемқорлық айыптары бойынша іздеу жариялаған.
2018 жылы Қазақстан соты Виктор Храпуновты - 17 жылға, оның әйелі Лейла Храпунованы 14 жылға сырттай соттаған. Ерлі-зайыпты Храпуновтарға “қылмыстық топ құру", "алаяқтық", "пара алу" айыптары тағылған. Сот материалдарына сәйкес, олардың "қылмыстық әрекетінен мемлекетке 250 миллион доллар көлемінде шығын келген". Facebook желісінде қазақстандық қолданушылармен белсенді араласып отыратын Храпуновтар бұл айыптарды жоққа шығарып, қылмыстық істердің саясиланғанын мәлімдеген.
Швейцария федералдық әкімшілік сотының мәліметінше, Храпуновтар Швейцария билігінен 2013 және 2016 жылдары саяси баспана сұраған. Бірақ Босқындар ісі туралы заңда көрсетілген "босқын мәртебесіне тән сипаттарға сәйкес келмегендіктен" өтініштері қанағаттандырылмаған.
ПІКІРЛЕР