Accessibility links

Қазақстанда сайлау қарсаңында "коронавирус жұққан" бақылаушылар көбейді


Бақылаушылардан "коронавирус анықталып жатыр". Олар тест нәтижесіне сенбейді
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:56 0:00

Бақылаушылардан "коронавирус анықталып жатыр". Олар тест нәтижесіне сенбейді

10 қаңтарға белгіленген мәжіліс және мәслихат сайлауын бақылауды жоспарлаған тәуелсіз бақылаушылардан "коронавирус" анықтала бастады.

Атырау облысы Жылыой ауданы Құлсары қаласының тұрғыны Қоныс Күрбенов Азаттыққа ПТР-тесті оң шығып, алдағы сайлауды бақылаудан үміт үзгенін айтады. Ол ПТР-тестін Жылыой аудандық поликлиникасында 6 қаңтар таңертең тапсырған. 7-сі күні учаскелік дәрігер хабарласып, коронавирусқа шалдыққанын хабарлаған.

- Бұған дейін температура, дәм сезбей қалу деген сияқты белгілер байқалмады. Әйелімнен де анықталған жоқ. Мұның бақылаушылыққа қатысы бар деп ойлаймын. Былтыр президент сайлауында бақылау жасап, белсенділік танытқандар бар еді. Олардың да кейбірінің ПТР-тесті оң шықты деп естідім. Енді сайлауды бақылау үмітіміз үзілді. Атыраудан келе жатқан мандатымыз жоғалды, - дейді Қоныс Күрбенов.

Отбасына қысым жасалуы мүмкін екенін айтқан аты-жөнін атамаған Атырау облысының өзге тұрғыны "коронавирус тестін тапсырмасам да аудандық СЭС-тен хабарласып, коронавирус тесті оң шықты деп айтты" деді. Оқиғаның жай-жапсарын айтудан бас тартқан тұрғын бақылаушылардың жұмысы қиындап кеткеніне шағымданды.

- Бұрын "ерікті бақылаушымыз" деп тілдей бір қағаз бен куәлікпен кіре беруші едік. Қазір оны қиындатып жіберді. Тіпті "шрифті 14 болу керек" деген сияқты сылтаулар айтып, фото-видеоге шектеу қойып жатыр. Сайлаудың шынайы болмайтыны бақыламай-ақ белгілі болып жатыр, - деді 8 қаңтарда Атырау облысының тұрғыны Азаттық тілшісіне.

Алматы облысында тұратын белсенді Самал Күзембаева да "коронавирус жұқтырғандардың бірімен байланыс орнатқаны үшін" бақылаудан шеттетілгеніне ренжиді. Ол дәрігерлер айтып отырған адамды танымайтынын, ешқашан жанында болмағанын айтты.

- 7 қаңтарда жолдасыма ауылдық ауруханадан хабарласып, "Өтеген батыр кентінен бізге ақпарат келді" деді. Айтуларынша, мен Жәпек батыр деген ауылдың мүлде танымайтын адамымен (аты-жөнін айтады) әкімдікте кезекте тұрған кезде "контактіде" болыппын. Сондай куәлік берген адам 6 қаңтарда карантинге жіберілген екен. Мен осыған дейін ауылдық әкімдікке барғанмын. Бірақ менің жанымда ешкім болған емес, - дейді Самал Күзембаева.

Әзірге қанша бақылаушының ПТР-тесті оң шыққаны белгісіз. Азаттық бұл мәселеге байланысты денсаулық сақтау министрлігіне хабарласқанмен жауап алмады.

7 қаңтарда қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин құрамында бақылаушы, сайлау комиссиясының мүшесі мен партияның сенімді өкілдері бар 8 мыңнан астам адам тексерілді, 3 бақылаушы, сайлау комиссиясының 10 мүшесінен коронавирус анықталды деп хабарлаған еді.

Сайлау комиссиясы мүшелері, бақылаушылар мен сенімді өкілдердің ПТР-тестен өту қажеттігі желтоқсан айының соңында хабарланған. Бұл талап "сары" және "қызыл" аймақтарда тұрған облыстар мен қалаларға қатысты.

Көптеген сарапшылар мен тәуелсіз бақылаушылар сайлау қарсаңында сайлауды бақыламақ болғандарға талап қатая түскенін, азаматтар мен ұйымдарға мемлекеттік органдар тарабынан қысым үдегенін айтады.

Қарай отырыңыз: Бақылаушылар коронавирус тестін тапсыру қиындағанын айтады (5 қаңтар 2021 жыл).

Бақылаушылар коронавирус тестін тапсыру қиындағанын айтады
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:36 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG