Accessibility links

Нұр-Сұлтан соты блогер Өтепованың үйқамақтағы уақытын бір айға созды


Айгүл Өтепова
Айгүл Өтепова

Нұр-Сұлтан қаласының ауданаралық мамандандырылған тергеу соты 50 жастағы журналист әрі блогер Айгүл Өтепованың үйқамақтағы уақытын тағы бір айға, 17 ақпанға, дейін ұзартты. Бұл туралы оның адвокаты Ғалым Нұрпейісов хабарлады.

Қорғаушының сөзінше, Өтепова соттан ешқайда шықпау туралы қолхатпен босатуды сұраған. Блогер жұмысқа шықпай үйқамақта болғандықтан тамаққа ақша таба алмай отырғанын айтқан. Адвокаттың айтуынша, сот бұл өтінішті қолдамаған.

Сотта прокурор психологиялық экспертиза мен тергеу толық аяқталмағандықтан үйқамақ уақытын созуды сұраған. Прокурор блогерді қолхатпен босатуға қарсы шығып, үйқамақтан шықса тергеуге "кедергі келтіруі мүмкін" екенін айтқан.

Айгүл Өтепова 15 қыркүйекте Нұр-Сұлтанда "тыйым салынған ұйым жұмысына қатысты" деген күдікпен ұсталған. Органдар блогер Қазақстан соты "экстремистік" деп тапқан "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының жұмысына араласты деп күдіктенеді. Еуропарламент 2019 жылғы қарарында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

17 қыркүйекте Өтепова үйқамаққа алынды. Қарашаның ортасында сот үйқамақ уақытын созып, кейін блогерді психикалық диспансерге жатқызды. 11 желтоқсанда Өтепова психикалық диспансерден шығып, үйқамаққа қайта алынды.

Қазақстандық және халықаралық құқық қорғау ұйымдары Өтепова ісіне алаңдаушылық білдіріп отыр. 2020 жылы қарашада Amnesty International (AI) халықаралық құқық қорғау ұйымы Өтепованы "ар-ұждан тұтқыны"деп атады. Ұйым Өтепованың "пікірін бейбіт түрде ашық айтқаны үшін қуғындалып отырғанын" сынап, оны босатуға шақырған.

Өтепова newtimes.kz басылымында журналист болып еңбек еткен. 2015 жылы Қазақстан президенттігіне өзін үміткер ретінде ұсынып, кейін бас тартқан еді.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG