Accessibility links

ОСК: Кандидат Назарбаева мен комиссия төрағасының туыстығы мүдделер қақтығысына жатпайды


 Дариға Назарбаеваның сенат спикері болған кезді. Фото сенат сайтынан алынды.
Дариға Назарбаеваның сенат спикері болған кезді. Фото сенат сайтынан алынды.

Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) төрағасы Берік Имашевтің мәжіліс депутаттығына кандидаттардың бірі – Дариға Назарбаевамен туыстығы мүдделер қақтығысына жатпайды. Бұл туралы ОСК төрағасының орынбасары хабарлады.

— Заңда жақын туыстар тізімі нақты көрсетілген. Олар: балалары, ата-анасы, немерелері, бауырлары. Мұнда ешқандай алалап қарау жоқ, — деді Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров онлайн-брифинг кезіндегі Азаттық сауалына жауабында.

"Нұр Отан" партиясының атынан мәжіліс депутаттығына кандидат Дариға Назарбаеваның ұлы Нұрәли Әлиев ОСК төрағасы Берік Имашевтің қызы Аида Имашеваға үйленген.

Мұның алдында ОСК мүдделер қақтығысы анықталғандықтан, соның ішінде комиссия мүшелерінің депутаттыққа кандидаттармен арада туыстық қатынасы бары белгілі болғандықтан, учаскелік сайлау комиссияларының 1500-ге жуық мүшесінің өкілеті уақытша тоқтатылғанын хабарлаған.

— Партия тізімдеріндегі кандидаттарды тіркеу аяқталған соң мүдделер қақтығысы болғандықтан кей учаскелік комиссия мүшелерінің [комиссия жұмысына] араласу мәселесі тексерілді. Себебі [олардың] жақын туыстары мен тікелей бастықтары тізімде болып шыққан. Учаскелік сайлау комиссияларының 1 490 мүшесінің өкілеті уақытша тоқтатылды, — деді Петров.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 57 жастағы үлкен қызы Дариға Назарбаева әкесі басқаратын партия атынан мәжіліс депутаттығына кандидат ретінде ұсынылған. Елдің саяси өмірінде үстемдік құрып тұрған бұл партияның 10 қаңтарда өтетін сайлаудағы кандидаттар тізіміне 125 адам енгізілген. Ал сайлауда мәжілістің 98 депутаты сайлануы керек. Сайлауға бұдан өзге төрт партия қатысып жатыр, олардың бірде-бірі билік атына сын айтпайды және өздерін оппозиция қатарына жатқызбайды.

Назарбаев президенттіктен кеткен соң қызы Дариға Назарбаева сенат спикері қызметіне барған. Алайда президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың мамыр айында арнайы жарлықпен Назарбаеваны депутаттық өкілетінен айырған. Бұл шешімнің себебі ресми түрде түсіндірілмеген.

2019 жылғы наурызда Қасым-Жомарт Тоқаев сенат спикерлігінен президенттік қызметке ауысып, оның босаған орнына Дариға Назарбаева барған соң "өтпелі президенттің" көмегімен билікті династиялық жолмен тапсыру ықтималдығы туралы айтыла бастаған. Қазақстан Конституциясына сәйкес, президент өз міндетін атқара алмаған жағдайда оның өкілеті сенат спикеріне көшеді. Ал сенат спикері президент өкілетін қабылдай алмаса, оның міндетін мәжіліс спикері атқаруға көшеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG