Accessibility links

Шымкент полициясы 600 сайлау бақылаушысының куәлігін тартып алды


Шымкенттік азаматтық белсенді, сайлауда бақылаушы болуға ниет білдірген Аманұлла Раманқұл. 9 қаңтар 2021 жыл.
Шымкенттік азаматтық белсенді, сайлауда бақылаушы болуға ниет білдірген Аманұлла Раманқұл. 9 қаңтар 2021 жыл.

9 қаңтар күні Шымкент полициясы 10 қаңтарға белгіленген мәжіліс және мәслихат сайлауын бақылауды жоспарлаған 600 адамның бақылаушы куәлігін тәркіледі. Бұл туралы әуелі осы жолдамаларды Шымкент қаласына жіберген "HAQ" азаматтық қозғалысының директоры Тоғжан Қожалиева хабарлады. Кейінірек мұны осы куәліктерді Шымкент әуежайынан күтіп алып, ары қарай үлестіруі керек болған бақылаушы Аманұлла Раманқұл растады.

Раманқұлдың сөзінше, ол "HAQ" қоғамдық бірлестігінің Шымкент қаласы, Түркістан және Қызылорда облыстарындағы 600 бақылаушыға жіберген куәлігі пен нұсқаулығын Шымкент әуежайынан күтіп алған. Әуежайдан шығып, Темірлан көшесімен келе жатқанда көлігін Шымкент қалалық полиция департаментінің Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ұстаған.

Аманұлла Раманқұл полицияның "HAQ" қоғамдық бірлестігі жіберген жолдаманың бәрін тартып алғанын айтады.

– Мені заңсыз тексерді, жолдамаларды тәркіледі. Бұл үш аймақта 600 бақылаушы сайлауға бақылаушы ретінде қатыса алмайды деген сөз, – дейді ол.

Азаттық полицияның куәліктерді тәркілеу жөніндегі хаттамасымен және Раманқұлдың осы жөніндегі түсініктемесімен танысты. Хаттамада бақылаушы куәліктерінің тәркіленгені жазылған, тәркілеу себебі түсіндірілмеген. Бар болғаны тәркілеудің сайлау кезінде "қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету" мақсатында жүргізілгені жазылған. Хаттамаға Шымкент қаласы Абай аудандық полиция басқармасының мөрі басылған.

Түсініктемесінде Раманқұл болған оқиғаның мән-жайын баяндап, куәліктердің тәркіленуін "Қазақстан Республикасы заңдарына қарсы әрекет" деп түсінетінін жазған.

Азаматтық белсенді Айжан Жолдасова осыған ұқсас жағдайға тап болғанын айтады. Оның сөзінше, 8 қаңтар күні оны полиция ұстаған. Сөйтіп "Мұқалмас" қоғамдық бірлестігі Нұр-Сұлтан қаласынан таксимен салып жіберген 67 бақылаушының куәлігін Шымкент қаласы Еңбекші аудандық полиция бамқармасының қызметкерлері тартып алған.

– Полиция бұл бақылаушылар куәлігін экспертизаға жібереміз деді. Айтуынша, "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (Қазақстан билігі экстремистік ұйым деп таныған, Еуропарламент "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған қозғалыс – ред.) қозғалысына қатысы болуы мүмкін. Бақылаушы куәлігін тәркілегені туралы ешқандай құжат бермей, босатты, – дейді ол.

Айжан Жолдасованың полиция басқармасына сағат 18:00-де кіргізіліп сағат 20:22-де шығарылғанын Еңбекші аудандық полиция басқармасының кезекші бөлімі растады. Қандай мәселемен жеткізілгені белгісіз деді.

Сайлау қарсаңында жергілікті белсенділер, қоғамдық ұйымдар билік тарапынан қысымның күшейгенін мәлімдеп отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG