Accessibility links

Индонезияда әуеге көтерілген жолаушы ұшағымен байланыс үзілді


 Sriwijaya Air әуе компаниясының ұшағы. Архив суреті.
Sriwijaya Air әуе компаниясының ұшағы. Архив суреті.

Индонезия астанасы Джакарта әуежайынан ұшып шыққан жолаушы ұшағы радардан көрінбей қалды. Ұшақта елуден астам адам болған. Бұл туралы BBC хабарлады.

BBC-дің жазуынша, Sriwijaya Air әуе компаниясының Boeing 737 ұшағымен Батыс Калимантан провинциясындағы Понтианак қаласына бара жатқан жолда байланыс үзілген.

Flightradar24.com сайтының мәліметінше, ұшақ әуеге көтерілгеннен төрт минут өткен соң бір минут ішінде 3 шақырымға төмендеген.

Елдің көлік министрі іздеу жұмыстарының басталғанын хабарлады. Ал жергілікті Sriwijaya Air компаниясы рейс жөнінде ақпарат жинап жатқанын мәлімдеді.

Associated Press агенттігінің хабарлауынша, ұшақта 56 жолаушы, 6 экипаж мүшесі болған.

Рейстегі Boeing ұшағы кейінгі жылдары бірнеше рет апатқа ұшыраған 737 Max емес.

Boeing компаниясының 737 Max сериясындағы ұшағының алғашқы апаты Индонезияның әуе компаниясына қатысты болатын. Lion Air әуе компаниясына тиесілі ұшақтың құлауынан 189 адам қайтыс болған.

Халқының саны 260 миллионнан асатын Индонезия – әлемдегі ең ірі архипелаг. Associated Press агенттігінің жазуынша, инфрақұрылымның ескіруі мен қауіпсіздік стандарттарының дұрыс орындалмауы салдарынан елде жердегі, әуедегі және теңіздегі көлік апаты жиі болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG