Accessibility links

Алматыда орталық алаңда полиция кемінде 31 адамды ұстады


Полиция орталық алаңда наразыларды ұстап жатыр. Алматы, 10 қаңтар 2020

Қазақстанда мәжіліс және мәслихат сайлауына дауыс беру жүріп жатқан кезде күндіз Алматыдағы орталық алаңда полиция кемінде 31 адамды ұстап әкетті. Оқиға орнында жүрген Азаттық тілшілерінің хабарлауынша, олардың кейбірі "сайлауға бойкот" деп айқайлаған. Кейбірі пікірін айтып та үлгермеген. Арнайы жасақ оларды газельге отырғызып алып кеткен. Ұсталғандар арасында плакат көтергендер де болған.

Жексенбі күні таңертең полиция "сайлауға бойкот" жариялауға үндеген тіркелмеген демократиялық партия жақтастарын қоршап алған. Бірақ олардың ешқайсысын ұстамаған еді.

Ұсталғандардың нақты қай қозғалыс немесе ұйым атынан келгені белгісіз.

Осыған дейін қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов 10 қаңтарда жақтастарын билікке қарсы наразылық өткізуге шақырған. Ол қалада адам көп жүретін алты орында жиналуға шақырып, "Астана" алаңын негізгі митинг орны деп белгілеген. Бірақ ол орталық алаңды "митинг орны" ретінде атамаған.

Алматыдан бөлек, Нұр-Сұлтан мен Шымкентте де осыған ұқсас ұстаулар болып жатыр. Азаттық тілшілерінің хабарлауынша, Шымкент пен Нұр-Сұлтанда әрқайсысында онға жуық адам ұсталған.

Нұр-Сұлтаннан тікелей эфирді көріңіз:

Қазақстанда мәжіліс және мәслихат сайлауы өтіп жатыр. Оған 5 партия қатысып жатыр, бірақ арасында оппозициялық партия жоқ. Бұған дейін бірқатар белсенділер саяси партияларын ресми түрде тіркеуге күш салған, бірақ билік қысымына тап болғанын айтқан. Заң бойынша, сайлауға ресми тіркелген саяси партиялар ғана қатыса алады. Саяси сарапшылар билік "оппозициялық алаңды тұтас тазартты, белсенділерді қудалады" деп санайды.

Құқық қорғаушылар сайлау қарсаңында тәуелсіз бақылаушылар мен белсенділерге қысым үдегенін мәлімдеген. Сайлаудың әділ өтетініне күмән келтірген кейбір белсенділер сайлауға белсенді бойкот жариялауға шақырған, кейбірі сайлау заңнамасын өзгертіп, сайлаудың өзін кейінге шегеруді талап еткен. Билік мұндай үндеулерге реакция білдірмеді.

  • 16x9 Image

    Манас ҚАЙЫРТАЙҰЛЫ

    1994 жылы 20 мамырда дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде филология мамандығы бойынша бакалаврды, Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінде магистратураны тәмамдаған. 

    "Дарабоз" журналында (2012-2014), "31 арнаның" жаңалықтар қызметінде (2015-2018) жұмыс істеген.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG