Accessibility links

Алматы мен Нұр-Сұлтанда полиция Әблязов белгілеген "митинг орындарында" наразыларды ұстап әкетті


Астана алаңы маңына жиналып тұрған тұрғындар. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл.
Астана алаңы маңына жиналып тұрған тұрғындар. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл.

Жексенбі күні түстен кейін Алматы мен Нұр-Сұлтанда қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов "митинг орны" деп белгілеген жерлерде полиция адамдарды ұстап әкетті.

Ұстаулардың ең ірісі Алматыда болды. Мұнда түскі сағат үштер шамасында Төле би және Панфилов көшелері қиылысына ондаған адам жиналып, ақпарат құралдарына әлеуметтік жағдай, сайлау туралы шағымдарын айта беріп еді, жергілікті әкімдік пен прокуратура өкілдері келіп, ескерту жасады. Билік өкілдері мұндай шараның "заңсыз" екенін айтып, тарауды сұрады. Бірақ азаматтар тараудан бас тартты.

- Мен сайлауға барып едім, "тіркеуде жоқсың" деп дауыс бергізбей қойды. Осы жерде көптен бері тұрамын. Сайлау құқығым бұзылған. Соны айту үшін келдім, - деді наразылардың бірі.

Сәлден соң арнайы жасақ пен полиция оларды тықсыра бастады, тұрғындар "Тоқаев бүгін ғана бейбіт жиынға шыққандар жазаланбайды деп айтты емес пе? Не істеп тұрсыңдар?" деп айқайлады. Арнайы жасақ мұнда 30-дан астам адамды ұстап әкетті.

Парламент сайлауы өтіп жатқанда Нұр-Сұлтанда Жастар алаңының маңында да полиция кемінде 6 адамды ұстады. Жастар алаңы - Әблязов "митинг орны" ретінде белгілеген қаладағы алты орынның бірі. Оқиға орнынан тікелей эфирде хабар таратқан Азаттық тілшілері ол жақта тұрғындардан гөрі полицияның көп жүргенініне куә болды.

Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бақытжан Малыбаев ұстаулар себебін былайша "түсіндірді":

- Экстремистік партия осы жерге жиналуға шақырған. Осы жаққа жұрт жиналып жатыр. Біреуіне "үйге қайтыңыздар" деп жатырмыз. Бірі білмей келген болар. Бірі дүкенге келген шығар. Соларға ескертіп жатырмыз, - деді.

Жексенбі күні осыған ұқсас ұстаулар Ақтөбе мен Шымкентте де болған. Әзірге республика бойынша нақты қанша адамның ұсталғаны белгісіз. Ішкі істер министрлігі түсініктеме бермеді.

Қазақстанда мәжіліс және мәслихат сайлауы өтіп жатыр. Жексенбі күні таңертең полиция орталық алаң маңында сайлауға бойкот жариялауға шақырып, Назарбаевтың биліктен кетуін талап еткен тіркелмеген "Демпартия" мен Oyan, Qazaqstan қозғалысы өкілдерін алаңда қоршап, жылжуына мүмкіндік бермеген еді. Түс кезінде онда да 30 шақты адам ұсталды.

Мәжіліс және мәслихат сайлауына 5 партия қатысып жатыр, бірақ арасында оппозициялық партия жоқ. Бұған дейін бірқатар белсенділер саяси партияларын ресми түрде тіркеуге күш салған, бірақ билік қысымына тап болғанын айтқан. Заң бойынша, сайлауға ресми тіркелген саяси партиялар ғана қатыса алады. Саяси сарапшылар билік "оппозициялық алаңды тұтас тазартты, белсенділерді қудалады" деп санайды.

Сайлаудың әділ өтетініне күмән келтірген кейбір белсенділер бұған дейін сайлауға белсенді бойкот жариялауға шақырған, кейбірі сайлау заңнамасын өзгертіп, сайлаудың өзін кейінге шегеруді талап еткен. Билік мұндай үндеулерге реакция білдірмеді.

Осыған дейін қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов 10 қаңтарда жақтастарын билікке қарсы наразылық өткізуге шақырған. Ол сайлау алдында "жаппай дауыс бұрмалауды әшкерелеу" мақсатында билікшіл "Нұр Отан" партиясына дауыс беруге үндеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG