Accessibility links

Бақылаушылардың сайлауды қадағалауына түрлі себеппен кедергі жасалып жатыр


Алматы облысы Мерей ауылындағы №496 сайлау учаскесі. 10 қаңтар 2021 жыл.

Алматыда бақылаушыларды "тізімде жоқ" емханада жасалған ПТР тесті үшін сайлау учаскесіне кіргізбеуге тырысты.

Таңертең Алматыдағы Қазақ ұлттық университеті ғимаратында орналасқан №259 сайлау учаскесіне Азаттық тілшісі барған сәтте "Еркіндік қанаты" ұйымының бақылаушысы комиссия жұмысын бастағанға дейін оны ішке кіргізбегенін айтты.

– Коронавирус жұқтырмағаным жөніндегі ПТР тест нәтижесін көрсеттім. Олар (сайлау комиссиясы өкілдері – Ред.) маған бір қағаз көрсетіп, ол тізімде мен ПТР тест тапсырған емхана жоқ екенін айтты. Мен акт толтырып, қандай негізде мені кіргізбей жатқанын түсіндіріп беруді сұрадым. Содан кейін ғана "басшылықпен сөйлестік" деп мені ішке кіргізді, – деді бақылаушы Асылтай Тасболат Азаттық тілшісіне.

Өзін Асылан деп таныстырған және бір бақылаушы да сол учаскелік комиссияда дәл сондай кедергіге тап болған.

Қазақстанның жастар ақпараттық қызметі ("МИСК") бақылаушылар жұмысын шектегені үшін Алматы аумақтық сайлау комиссиясына арыз берген. "МИСК" мәліметі бойынша, бүгін Қазақстан бойынша "Жас сайлаушылар лигасының" 15 бақылаушысының сайлау учаскелеріне кіруіне кедергі болған. Мәселен, Алматыдағы №68 учаскелік сайлау комиссиясы дауыс беру бөлмесінде бақылаушыларға бөлінген орын саны шектеулі болғандықтан ұйым өкілінің сайлауды бақылауына мүмкіндік бермеген.

"МИСК" мәліметі бойынша, Алматыда сегіз бақылаушы сайлауды бақылауға жіберілмеді. Олардың үшеуі бақылау ұйымы жарғысының сәйкес келмеуіне байланысты бақылауға қатыстырылмады. Екеуінің коронавирусқа қатысты ПТР тест нәтижесі туралы анықтамасы жарамсыз деп танылды. Және екі бақылаушыға сайлау учаскесінде орын жоқ болғандықтан дауыс беруді бақылауға мүмкіндік берілмеді.

Алматы аумақтық сайлау комиссиясы "тізімде жоқ" емханада ПТР тест тапсырған бақылаушыларды учаскеге кіргізбеу мәселесінің "шешілгенін" хабарлады.

– Қазір барлық учаскелер қалыпты жағдайда жұмыс істеп жатыр, бақылаушылардың барлығы [процесті бақылауға] жіберілді, зертханалар бойынша басшылықтан қандай да бір нұсқаулық жоқ. Жалпы ереже бойынша, ПТР тестке қатысты талап жоқ. Кеше зертханаларға лицензия беру туралы айтылған, біз бұл тізімді білмейміз. Біз бұл құжатты негізге ала алмаймыз, бұл біздің құзырымызға кірмейді, – деді Азаттық сауалына жауап берген аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Жанна Асанова.

– Орын жоқ болғандықтан бақылаушыны кіргізбеу туралы заңда ештеңе жоқ. Мәселені шешуге тырысамыз, комиссиялар мұны біледі. Бірақ арақашықтықты сақтау дегенді біз ойлап тапқан жоқпыз, бақылаушылар мен журналистер ертең [бұл ережені] орындамады деп сөкпеу үшін [ережені сақтаймыз], [сайлауға] қатысамыз деген адам өте көп, – деді Жанна Асанова.

9 қаңтарда Алматы басшылығы қалада екі зертхана режимдік комиссияның рұқсатынсыз коронавирусқа тест алып жатқанын хабарлаған. Сол зертханалардың бірінде "Қазақстанның ақпарат қызметі" (МИСК) және HAQ азаматтық қозғалысының жүздеген бақылаушысы тестілеуден өткен. Бақылаушылар мұны сайлауды бақылауға жасалған "кезекті кедергі" деп атады.

10 қаңтарда Қазақстанда парламенттің төменгі палатасы – мәжіліс пен жергілікті өкілдік орган – мәслихаттар сайлауы өтіп жатыр. Мәжіліске де, мәслихаттарға да депутаттар пропорционал сайлау жүйесі бойынша таңдалады, яғни тәуелсіз кандидаттар өз бетімен үміткер бола алмайды. Додаға оппозициялық күштер жіберілген жоқ, оған тек елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың биліктегі "Нұр Отан" партиясы және билікшіл төрт партия қатысып жатыр.

Сайлау алдында елдің әр аймағында сайлауды бақылағысы келген ондаған белсенді мен тәуелсіз бақылаушы ұсталып, жазаланды. Олардың арасында 5-10 күнге қамалғандары да бар.

Осыған дейін сайлаудың әділ өтетініне күмән келтірген белсенділер мен ұйымдардың кейбірі сайлауға белсенді бойкот жариялауға үндесе, кейбірі "Нұр Отаннан" басқа партияға дауыс беруге шақырған.

Сайлау қарсаңында құқық қорғаушылар жер-жерде белсенділердің үйіне тінту жүргізіліп, қудалау күшейгенін хабарлаған. Бірде-бір халықаралық ұйым Қазақстандағы сайлаулардың ешқайсысын әділ, ашық өтті деп бағаламаған.

  • 16x9 Image

    Бағдат АСЫЛБЕК

    Бағдат Асылбек - Азаттықтың Алматыдағы штаттан тыс тілшісі. Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан облыстық университетінің филология факультетін тәмамдаған. Журналистік карьерасын жергілікті "Диапазон" газетінен бастаған. Қазақстандағы басылымдарда жұмыс істеген. 

     

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG