Accessibility links

Қырғызстандағы президент сайлауында белсенділік төмен


Бішкектегі сайлау учаскесі. Қырғызстан, 10 қаңтар, 2021 жыл.
Бішкектегі сайлау учаскесі. Қырғызстан, 10 қаңтар, 2021 жыл.

Бішкек уақытымен сағат 16:00-дегі мәлімет бойынша Қырғызстандағы мерзімінен бұрын президент сайлауында 947 614 сайлаушы дауыс берген. Бұл – сайлаушылардың 26,59 пайызы. Бұл жөнінде Қырғызстанның сайлау және референдум өткізу жөніндегі комиссиясы хабарлады.

Ал басқару формасын анықтау жөніндегі референдумға 946 104 адам қатысқан. Бұл – сайлаушылардың 26,55 пайызы.

Елдегі жалпы сайлаушы саны 3 563 574 адам.

Бүгін, 10 қаңтарда Қырғызстанда мерзімінен бұрын президент сайлауы және басқару формасын таңдау бойынша референдум өтіп жатыр. Президент қызметінен 17 кандидат үміткер. Референдумда Қырғызстан азаматтары ел басқару формасына қатысты үш варианттың бірін таңдауы керек. Онда "президенттік басқару", "парламенттік басқару" және "барлығына қарсы" деген жауап үлгілері бар.

Жалпы 2 474 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр, соның 48-і шетелде.

Былтыр 4 қазанда Қырғызстанда өткен парламент сайлауының қорытындысымен келіспеген жұрт көшелерде наразылық өткізіп, мұның соңы мемлекеттік ғимараттарды басып алуға, саяси дағдарысқа алып келген. Халық наразылығынан соң үкімет те, президент Сооронбай Жээнбеков те отставкаға кеткен.

Саяси қарсыласын ұрлап әкеткені үшін қамауда отырған Садыр Жапаровты наразылыққа шыққан жұрт 5 қазанда түрмеден босатқан. Кейін парламент мүшелері оны премьер-министрдің міндетін атқарушы етіп тағайындады. Жээнбеков орнынан кеткен соң ол президент міндетін де қоса атқаруға көшкен.

Президент сайлауы кезеңінде биліктен уақытша бас тартқан Садыр Жапаров президенттіктен басты үміткерлердің қатарында. Ел басқару формасын қазіргі парламенттік үлгіден президенттік үлгіге көшіруді ұсынып жүрген де Садыр Жапаров.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG