Қазақстан бас прокуратурасы байқаушыларға қысым көрсетіліп, азаматтар жаппай ұсталған сайлау күні "тыныш өтті", тек болмашы заңбұзушылықтар болды деп мәлімдеді.
– Жалпы алғанда, сайлауалды науқан мен дауыс беру күні тыныш өтті. Қадағалау қызметінің нәтижесі парламент мәжілісі және мәслихат депутаттарының сайлауы конституцияға және "Сайлау туралы" заңға сай өтті деп айтуға мүмкіндік береді, – деді Бас прокурордың көмекшісі Азамат Сарғазин.
Оның сөзінше, қазірге дейін екі заңбұзушылық тіркелген: тыйым салынған уақытта сайлауалды үгіт-насихат жүргізу және дауыс беру нәтижелерін әлеуметтік желіде жариялау.
Бас прокур көмекшісі сондай-ақ дауыс беру басталғалы қадағалау органына екі шағым түскенін айтты. Біріншісінде Маңғыстау облыстық прокуратурасына "әкімшілік қамауға алынған тұлға сыртқа шығатын сайлау комиссиясының құрамында байқаушылардың болмағанын, байқаушыларсыз дауыс бермейтінін айтып шағымданған. Шағым аумақтық сайлау комиссиясы мен облыстық полиция департаментінің ішкі қауіпсіздік басқармасына жолданған.
Екінші шағым Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа аудандық прокуратурасына түскен. Онда "№163 сайлау учаскесінде азаматтың бақылаушылар тізімінен негізсіз алынғаны" айтылған. Бас прокурор көмекшісі бұл шағымның да аумақтық сайлау комиссиясына жіберілгенін айтты.
10 қаңтар, сайлау күні, Алматы, Ақтөбе, Орал, Нұр-Сұлтан және басқа қалаларда саяси реформаларды талап еткен бірнеше оппозициялық топтың талабымен жүздеген адам наразылық өткізді. Түрлі мәліметтер бойынша, ел аумағында жүзден аса адам қамауға алынған.
Алматыда "Демократиялық партия" құрғысы келетін белсенді топтың Жанболат Мамай бастаған 25-тей адамы полиция қоршауында сегіз сағаттан бері тұр. Полиция құрсауында сағаттап тұрған Oyan, Qazaqstan қозғалысының белсендісі Әсем Жәпішеваны жедел жәрдем көлігі алып кеткен.
10 қаңтарда Қазақстанда парламенттің төменгі палатасы – мәжіліс пен жергілікті өкілдік орган – мәслихаттар сайлауы өтіп жатыр. Мәжіліске де, мәслихаттарға да депутаттар пропорционал сайлау жүйесі бойынша таңдалады, яғни тәуелсіз кандидаттар өз бетімен үміткер бола алмайды. Додаға оппозициялық күштер жіберілген жоқ, оған тек елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың биліктегі "Нұр Отан" партиясы және билікшіл төрт партия қатысып жатыр.
ПІКІРЛЕР