Accessibility links

Қазақстан халқы ассамблеясы мәжіліске баратын 9 депутатты анықтады


Қазақстан халқы ассамблея мүшелері мәжіліске ұсынылған кандидаттарға дауыс беріп жатыр. Нұр-Сұлтан, 11 қаңтар 2021 жыл.
Қазақстан халқы ассамблея мүшелері мәжіліске ұсынылған кандидаттарға дауыс беріп жатыр. Нұр-Сұлтан, 11 қаңтар 2021 жыл.

11 қаңтарда Қазақстан халқы ассамблеясының 28-сессиясында ассамблея атынан мәжіліске сайланатын 9 кандидатқа дауыс берілді. Парламенттің төменгі палатасындағы 107 депутаттың 98-і партиялық тізім бойынша сайланады, қалған тоғызын Қазақстан халқы ассамблеясы (ҚХА) сайлайды.

ҚХА атынан мәжіліске Сауытбек Әбдірахманов (мәжілістің 6-шақырылым депутаты), Аветик Амирханян, Ильяс Буларов, Наталья Дементьева, Юрий Ли, Вакиль Набиев, Шамиль Осин, Владимир Тохтасунов, Абилфас Хамедов сайланды.

Елдегі этномәдени орталықтардың басын біріктіретін консультативтік органға 2019 жылы отставкаға кеткеніне қарамастан саяси ықпалын сақтап қалған бұрынғы президент, "Нұр Отан" партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев жетекшілік етеді. Дүйсенбі күні дауыс беруге президент Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысқан.

Мәжілістің 98 депутатына дауыс беру 10 қаңтарда өткен. Экзит-полл нәтижесі бойынша, сайлауға қатысқан бес партияның үшеуі 7 пайыздан астам дауыс алып, мәжіліске өткен. Бұлар: бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын елдің саяси алаңында басымдыққа ие "Нұр Отан" партиясы және билікшіл "Ақ жол" және "Қазақстан халықтық партиясы".

Жексенбі күні өткен мәжіліс және мәслихат сайлауында белсенділер тәуелсіз бақылаушылар көптеген заңбұзушылықтар тіркелгенін хабарлады. Тәуелсіз бақылаушылар түрлі себеппен сайлау учаскесіне жіберілмеді, кейбір учаскелерде бақылау камералары жабылды.

Бірнеше қалада "әділетсіз" сайлауға қарсылық білдірмек болған саяси күштер жақтастары ұсталды. Алматыда кейбір белсенділерді арнайы жасақ қоршап, 6-10 сағат аралығында аязда ұстап тұрды. Кейбір белсенділер ауруханаға түсті.

Билік сайлауда өрескел заңбұзушылық болмағанын мәлімдеді. Қазақстандағы сайлаулардың ешқайсысын халықаралық ұйымдар "демократия талаптарына сай өтпеді" деп мойындамаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG