АҚШ конгресінің Өкілдер палатасы 11 қаңтарда президент Дональд Трампқа импичмент жариялау туралы резолюцияның мәтінін жариялады. Резолюция бойынша, Трамп "бүлік ұйымдастырмақ болды", "АҚШ пен үкімет институттарының қауіпсіздігіне қатер төндірді" деп айыпталды.
6 қаңтарда Трамптың ашулы жақтастары Капитолийге басып кіріп, оқиғадан бес адам қаза тапқан.
Дональд Трамптың президенттік мандаты 20 қаңтарда аяқталады. Осы күні жаңа сайланған президент Джо Байденнің инаугурациясы өтеді.
13-14 қаңтарда резолюция құжаты талқыланып, кейін Өкілдер палатасы импичментке дауыс беруі тиіс. Өкілдер палатасы импичментті жақтап дауыс берсе, кейін оны сенат қарайды. Егер сенат Трампқа импичментті қолдаса, ол президент сайлауына түсе алмайды.
6 қаңтарда, Конгрестің президент сайлауының дауыс беру нәтижесін мақұлдау отырысы алдында, Трамп Ақ үй жанында өз жақтастарына қайырылып, "біз ешқашан берілмейміз, ешқашан жеңілмейміз" деген еді.
Трамптың осы сөзінен кейін оның ашулы жақтастары 1,6 шақырым жерде орналасқан Капитолийге барып, басып кірді. Олар Конгрестің сайлау нәтижесін рәсімдеу процесіне кедергі келтірді. Саясаткерлер жиын өтетін залды тастап кетуге мәжбүр болды. Конгресс жұмысын Вашингтонда коменданттық сағат енген соң жалғастырып, кейін Байденнің жеңісін мақұлдады.
Трамптың ашулы жақтастары Капитолийге қалай басып кірді?
Трамптың ашулы жақтастары Капитолий ішінде жүр. Осы жердегі атыстан бір әйел қаза тапты. Жергілікті басылымдардың жазуынша, Капитолий ішінде оқ тиген әйел ауруханада көз жұмған. Ол Трамптың жақтасы болған және АҚШ әуе қарулы күштерінде жұмыс істеген.
Трамптың ашулы жақтастары дауыс санау болып жатқан сенат залына дейін жетті. Капитолий полициясы оқ атып, көзден жас ағызатын газ қолданды.
Вашингтон полициясы оқиға кезінде тағы үш адам қаза болғанын хабарлады. 52 адам бассыздыққа қатысты деген айыппен ұсталды.
Республикалықтардың қарсылығына қарамастан Конгресс сайлау қорытындысын рәсімдеу процесін жалғастырмақ. Республикалықтардың талпынысы демократ Джо Байденнің президент қызметіне кірісуіне кедергі келтіре алмайды. Себебі демократтар Өкілдер палатасындағы басым орынға ие. 7 қаңтарда Конгресс Джо Байденнің сайлаудағы жеңісін мақұлдағаны хабарланды.
Трамптың әрекеттеріне қарсылығын білдіріп жүрген вице-президент Майк Пенс сессия жұмысы қайта жалғасқан соң "Капитолий ішінде хаос жасау арқылы сіздер жеңіске жете алмадыңыздар" деді.
9 қарашадағы сайлауда Байден сайлаушылар алқасының 306 дауысын, Дональд Трамп 270 дауысын алған. Кейін Трамп сайлау нәтижесімен келіспейтінін айтып, сотқа шағым түсірген. Сот оның 50 арызын қанағаттандырмай тастады.