Accessibility links

БАҚ: ФБР барлық штатта наразылық болуы мүмкін екенін ескертті


ФБР ғимараты. Көрнекі сурет.
ФБР ғимараты. Көрнекі сурет.

АҚШ федералдық тергеу бюросы (ФБР) президент Дональд Трампқа импичмент жарияланса, елдің барлық аймағында наразылық өтуі мүмкін екенін ескертіп, қызметкерлері арасында меморандум таратты. Бұл туралы ФБР-дағы ақпарат көзіне сүйенген америкалық БАҚ хабарлады. CNN телеарнасы тілшісінің қолына түскен​ меморандумда белгісіз топтың жергілікті билік ғимараттарын басып алуды жоспарлап отырғаны жазылған. Қарсылық Джо Байден инаугурациясы қарсаңында өтуі мүмкін.

ФБР әзірге түсініктеме бермеді. Дүйсенбі күні саябақтарға жауапты ұлттық қызмет ел астанасындағы Джордж Вашингтон монументі орналасқан алаңды екі аптаға жапты.

13 қаңтарда АҚШ өкілдер палатасы Трампқа импичмент жариялау мәселесін дауысқа салуы мүмкін. Конгрестегі демократтар Вашингтондағы митинг кезінде Трамп сайлау нәтижесін мойындамай, Капитолийге баруға үндеу арқылы жақтастарын тәртіпсіздікке итермеледі деп санайды. Штурм кезінде Трамп шабуылды айыптамады, тек полицейлерге күш қолданбауға шақырды. Кейінірек жақтастарын сабырға шақырып, басып алуды айыптаған.

Ал конгрестегі республикашылдар Трампқа сөгіс жариялаумен шектелуді ұсынып отыр. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Вашингтонға ұлттық гвардия жасақтары әкелініп жатыр. Апта соңына таман олардың саны 10 мыңға жетеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG