Accessibility links

Мұғалжарда алтын кеніші жұмысшылары ереуілге шықты


12 қаңтар күні Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданындағы алтын өндіретін "Юбилейное" кенішінің жұмысшылары ереуіл өткізіп, өндірісті тоқтатып тастады. Кеніш жұмысшылары жалақыларын 50 пайызға көбейтуді талап етіп отыр. Сейсенбі күні Алтынды ауылындағы шахта, тас уату цехы, химиялық лаборатория мен гараждағы жұмыс мүлдем тоқтап қалды деп хабарлады ереуілшілер Азаттыққа.

– Мен "Юбилейное" кенішінде 2009 жылдан бері тас уатушы-машинист болып жұмыс істеймін. Айлығым – 90 мың теңге. Жалақымыздың өзгермегеніне бес жылдан асып барады. Тұрмыс қиындап кеткенін компания басшыларына талай рет айтқанбыз. Қаңтар айынан бастап жалақымызды 15 пайызға көбейтеміз деп уәде етіп отыр. Ол не болады?! Көбейтсе бірден 50 пайызға көбейтсін! Біздің талабымыз – осы! – деді Азаттыққа телефонмен сұқбат берген ереуілші Айдос Бейсембин.

Аты-жөнін атамауды өтінген тағы бір жұмысшы шахтада ауыр жұмыс істей жүре айына 110 мың теңге жалақы алатынын айтты. Жұмысшылардың хабарлауынша, жалақының аздығына наразылық білдіріп отырғандардың жалпы саны – жүз шақты адам.

Мұғалжардың Алтынды ауылындағы кеніш қазақстандық AltynEx Company-дың иелігінде. Жалақы көбейтуді талап етушілерді тыңдау үшін сейсенбі күні Ақтөбеге Алматыдан AltynEx Company-дың басқарма төрағасы ұшып келген. Жұмысшылардың хабарлауынша, Алматыдан келген өкіл сейсенбінің кешінде наразы топпен келіссөз жүргізе бастаған.

Алтын өндіретін кеніштегі жұмысшылар наразылығы туралы ақпаратты Мұғалжар ауданы әкімі Асқар Шериязданов та растады. Әкімнің сөзіне қарағанда, жалақыға кеніштегі 230 жұмысшының бәрі наразы емес.

– AltynEx Company акционерлік қоғамы 2021 жылғы қаңтар айынан бастап кеніш жұмысшыларының жалақысын 15 пайызға көбейткен. Екінші жартыжылдықта тағы 10 пайызға өсірмекші. Алайда жұмысшылар оны азсынып отыр. Тараптар әлі ортақ мәмілеге келген жоқ. Бүгін жұмысқа 60 адам шықпаған. Кеніштегі жұмыс мүлдем тоқтап қалды деген ақпарат жалған, – дейді Мұғалжар ауданының әкімі Асқар Шериязданов.

"Юбилейное" кеніші облыс орталығы Ақтөбеден 250 километр жерде орналасқан. Кәсіпорын жылына 400 мың тонна кен өндіреді.

  • 16x9 Image

    Жаңагүл ЖҮРСІН

    Жаңагүл Жүрсін - Азаттықтың Ақтөбе облысындағы тілшісі. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетін бітірген. Еңбек жолын Ақтөбе облыстық телевидениесінен бастап, әр жылдары осы өңірдегі түрлі БАҚ-та тілші, редактор, бас редактор қызметін атқарған. Азаттықпен 2011 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG