Accessibility links

Сайлау күні Нұр-Сұлтанда 4 белсенді қамалып, бір кісіге айыппұл салынған


Марат Мұсабаев Қазақстандағы Қытай жобаларына наразылық білдіріп тұр. Нұр-Сұлтан, 4 қыркүйек, 2019 жыл.
Марат Мұсабаев Қазақстандағы Қытай жобаларына наразылық білдіріп тұр. Нұр-Сұлтан, 4 қыркүйек, 2019 жыл.

Қазақстан мәжілісі мен мәслихаттары сайлауы өткен 10 қаңтар күні Нұр-Сұлтанда төрт белсенді қамауға алынып, біреуіне айыппұл салынған.

Қамауға алынған белсендінің бірі Гүлмайра Мұқышеваның туысы Арай Мұқышеваның Азаттыққа мәлімдеуінше оны Нұр-Сұлтандағы №65 мектепте сайлауға бақылау жасап отырған жерінен алып кеткен.

– [Ақмола облысы] Целиноград аудандық полиция бөлімінен хабарласып, "тамақ әкеліңдер" дегенде [ұсталғанын] бір-ақ білдік. "Заңсыз митингіге" қатысты деп 10 тәулікке қамапты, – дейді ол.

Гүлмайра Мұқышева – "Тәуелсіз бақылаушылар" қоғамдық бірлестігінің бақылаушысы, азаматтық белсенді. VERITAS тәуелсіз құқық қорғау ұйымының мүшесі Алма Нұрышеваның айтуынша, ол былтыр Нұр-Сұлтан түрмесінде белгісіз жағдайда қаза болған азаматтық белсенді Дулат Ағаділдің Талапкер ауылындағы асына қатысқаны үшін айыпталған.

VERITAS құқық қорғау ұйымының мәліметінше, Ақмолдағы абақтыда тағы бір белсенді Мұратбек Төлеген де 15 тәулікке қамалған. Полиция оны 10 қаңтар күні дауыс беруге бара жатқан жерінен, үйінің алдынан арнайы автобусқа салып алып кеткен.

Электронды сот кабинетінде Гүлмайра Мұқышева мен Мұратбек Төлегенге тағылған айыптарға қатысты сот қаулысы жоқ.

Басқа азаматтық белсенділер Марат Мұсабаев пен Сәуле Сейдахметованы Нұр-Сұлтан қалалық мамандандырылған әкімшілік соты Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшаларында елді митингіге шығуға үндеді деп айыптаған. Сот шешімімен Марат Мұсабаев – 15, Сәуле Сейдахметова – 10 тәулікке қамалған.

Ал зейнеткер Әсия Бақаевны полиция сайлау күні ұстап әкетіп, оған Нұр- Сұлтан қалалық әкімшілік соты 83 340 теңге (198 АҚШ доллары) айыппұл салған. Сот оны 2020 жылғы 10 маусымда Еуропа одағы өкілдігі ғимаратының алдында сөз бостандығын, адам құқығының сақталуын талап етіп наразылыққа шыққаны үшін айыпты деп тапқан.

Азаттық Қазақстан ішкі істер министрлігінен, Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінен сайлау күні ұсталған адамдар туралы мәлімет сұрағанымен, еш жауап ала алмады. 10 қаңтар күні ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғали Запаров брифинг өткізіп, сайлау күні ешкімнің қамалмағанын, әкімшілік, қылмыстық жауапқа тартылмағанын, ұсталғандардың босатылғанын айтқан.

10 қаңтарда наразылыққа шыққандар сайлауға бойкот жариялауды, Назарбаевтың толық биліктен кетуін талап етті. Құқық қорғаушылардың есебі бойынша есебінше, сол күні жалпы Қазақстан аумағында кемі 361 адам ұсталған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG