Accessibility links

Құқық қорғаушылар Қарабақта кассеталық бомба қолдануды айыптады


Таулы Қарабақта қолданылған кассеталық бомба бөлшектері. Құқық қорғаушылардан алынған сурет.
Таулы Қарабақта қолданылған кассеталық бомба бөлшектері. Құқық қорғаушылардан алынған сурет.

Халықаралық Amnesty International (AI) ұйымы былтыр күзде бірнеше айза созылған Таулы Қарабақтағы соғыста Әзербайжан мен Арменияның кассеталық бомба сияқты жойқын қару түрлерін қолданғанын айыптады. Құқық қорғаушылар мәліметінше, соның салдарынан ондаған бейбіт тұрғын қаза болған.

"Көптеген азаматтық нысандардың күйреуі олардың кездейсоқ болмағанын дәлелдей түседі, тіпті керісінше қарсы тарапқа қысым жасау стратегиясының бір амалы, қорқыту әдісі ретінде қолданғандығынан хабар береді. Екі ел билігі бейбіт тұрғындар тұрып жатқан елді мекендерге осындай "соқыр қару" түрлерін пайдалануға қатысы жоғын дәлелдей алмады" делінген Amnesty International ұйымының 14 қаңтар күнгі хабарламасында.

Құқық қорғаушылар Әзербайжан мен Арменияның майдан шебінен тыс аумақтағы елді мекендерге кассеталық бомба немесе жарылғыш зат тастап, елді мекендерді күйреткенін, осындай 17 жағдайды тіркегенін айтты. Соның нәтижесінде 1,5 ай ішінде кемінде 146 бейбіт тұрғын қаза болған. Арасында балалар мен қарттар да бар.

Amnesty International Баку мен Ереванды бейбіт тұрғындар тұрып жатқан елді мекендерге соққы жасауды әділ зерттеп, бұлтартпас айғақ табылған жағдайда кінәлілерді сотқа тартуды, зардап шеккендерге өтемақы төлеуге шақырды. Құқық қорғаушылар сонымен бірге оларды кассеталық бомбалардан бас тартуға да үндеді.

Таулы Қарабақтағы қақтығыс былтыр қыркүйекте қайта ушықты. Баку мен Ереван жағдайды ушықтырды деп бір-бірін айыптады. Тараптар бірнеше рет келісімге келуге тырысты, бірақ әр жолы келісім бұзылып отырды. 10 қараша күні Армения мен Әзербайжан Мәскеудің араағайындығымен келісімге келді.

Осыған дейін Amnesty соғыс кезінде Әзербайжан мен Арменияның "тұтқындарға қатігездік көрсетіп, мәйіттерді қорлағанын" айыптаған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG