Accessibility links

Нұр-Сұлтан соты діндар белсенді Әбдукәрім Хасанға айыппұл салды


Діни белсенді Әбдукәрім Хасан. Нұр-Сұлтан. 3 қараша, 2020 жыл.
Діни белсенді Әбдукәрім Хасан. Нұр-Сұлтан. 3 қараша, 2020 жыл.

14 қаңтарда Нұр-Сұлтан қалалық мамандандырылған әкімшілік соты діндар әрі азаматтық белсенді Әбдукәрім Хасанды "Діни қызмет және діни бірлестік туралы заңды бұзды, үйіне адам шақырып, дағуат жасады" деп айыптаған қала әкімдігі дін басқармасы арызын қарады. Сот оны айыпты деп танып, 194 460 теңге айыппұл салды.

Сот процесі онлайн өтті. Судья Мейрамбек Ибрашев Әбдукәрім Хасанды әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің "діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнаманы бұзу" (490-бап, 3-тармақ) бабымен айыпты деп таныды. Бұл баппен 100 айлық есептік көрсеткішке дейін (277 800 теңге) әкімшілік жаза қарастырылған, бірақ судья Әбдукәрім Хасанға бұрын үлкен көлемде айыппұл салынбағандықтан, оның көлемін 30 пайызға қысқаратынын айтты.

64 жастағы діндар белсенді Әбдукәрім Хасан былтыр қазанда полиция хаттамасымен осыған ұқсас айып бойынша 140 мың теңге айыппұл төлеген. Ол жолы полиция діндар белсендіні Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің "тірелмеген діни бірлестіктің жұмысын жарнамалады" (489-бап, 9-тармақ) деген бабын бұзды деп айыптаған.

– Былтыр "тіркелместен сопылықты уағыздағаныңыз үшін айыппұл төлетеміз" деп полицияға апарып, 140 мың теңгеге чек жазып берді. Оны төледім. Енді дәл осы жағдаймен екінші рет соттағалы жатыр, – деді ол Азаттыққа.

Сотта діндардың адвокаттары Мақсым Алшынбай мен Әділ Түлкебаев діндар бұрын осы айыппен айыппұл төлегендіктен, істі қысқартуды талап етті.

Әбдукәрім Хасанды қамауға алу туралы баянхат жазған полиция өкілі Жанболат Үзденбаевтың айтуынша, "ішкі істер департаментіне оның діни дәріс беріп жүргені туралы ақпарат түскен, тексергенде бұл факт анықталған".

Өзінің айтуынша, Әбдукәрім Хасанға құқық қорғау органдары бұрын да қысым жасаған. 10 қаңтарда сайлауда дауыс беруге жиналып жатқан оны полицейлер үйінен әйелімен бірге алып кетіп, кешке босатқан.

Ол 2020 жылы Нұр-Сұлтан абақтысында белгісіз жағдайда көз жұмған белсенді Дулат Ағаділдің асына барған кезде көзге түскен. Полицейлер астан кейін оны он тәулікке қамап, айыппұл салған. Былтыр Әбдукәрім Хасан өзіне қысымның көбейгенін айтып, шетелдік құқық қорғау ұйымдары мен Еуропарламенттен көмек сұраған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG