Accessibility links

Нұр-Сұлтан коронавирус бойынша "қызыл аймаққа" кірді


 Нұр-Сұлтандағы "Бәйтерек" монументінің кіреберісі. 10 қаңтар, 2021 жыл.
Нұр-Сұлтандағы "Бәйтерек" монументінің кіреберісі. 10 қаңтар, 2021 жыл.

Қазақстан астанасы коронавирустың таралу жылдамдығы бойынша ең қауіпті деген "қызыл аймаққа" кірді. Денсаулық сақтау министрлігі қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының ақпараты бойынша, Нұр-Сұлтаннан бөлек, Ақмола және Қостанай облыстары вирус таралу қаупі жоғары аймақ қатарына енген.

15 қаңтарда Нұр-Сұлтанның бас санитар дәрігері шектеуді күшейтуді көздейтін қаулы қабылдады, қаулы келесі аптадан күшіне енеді. Ол бойынша, астанадағы сауда орындары жұмыс күндері сағат таңғы 10 мен кешкі 8 арасында жұмыс істейді, ал сенбі, жексенбіде жабық болады. Демалыс күндері фитнес-орталықтар мен спорттық-сауықтыру нысандарының жұмыс істеуіне тыйым салынады.

Кафе, мейрамханалар "ғимарат ішінде 30 орыннан артпайтын адам қабылдау" тәртібімен сағат 7.00 мен 20.00 аралығында ғана жұмыс істейді.

Жексенбі күндері астанада автобустар жүрмейді.

Эпидемияға байланысты Нұр-Cұлтанда православтардың 19 қаңтардағы Крещение мерекесіне байланысты далада суға түсуге тыйым салынды. Дін істері басқармасы "адамдар тыйым ережесін бұзбауы үшін" демалыс күндері мониторинг топтарының жұмысын күшейтетінін хабарлады. Православ христиандар дәстүр бойынша 18 қаңтар күні шіркеуге барып дұға оқып, одан соң 19 қаңтарға қараған түні суық суға түседі. Әдетте мұз бетінен ойылған орындарда күні бойы суға түсуге рұқсат беріледі. Ресми мәлімет бойынша, 18 миллион тұрғыны бар Қазақстанда Исламнан кейінгі екінші ірі конфессия – православие.

Былтыр желтоқсанда Нұр-Сұлтанда коронавирус жұқтырғандар күрт артып, қала бір күн "қызыл аймақта" болған.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда коронавируспен 167 118 адам, "ковид тектес" пневмониямен 46 737 адам тіркелген.

Ресми статистикаға сәйкес, Covid-тен 2 397, оған ұқсас пневмониядан 534 кісі қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG