Accessibility links

Ангела Меркель партиясын 59 жастағы Армин Лашет басқарады


Христиан-демократия одағы партиясының жаңа сайланған төрағасы Армин Лашет.
Христиан-демократия одағы партиясының жаңа сайланған төрағасы Армин Лашет.

Германияның Солтүстік Рейн-Вестфалия федералдық аймағының премьер-министрі, 59 жастағы Армин Лашет үкімет коалициясына кіретін Христиан-демократия одағы (ХДО) партиясының төрағасы болып сайланды. 16 қаңтар видеоконференция форматында өткен партия съезінде оның кандидатурасын қатысушылардың көпшілігі қолдаған. Сайлаудың ресми қорытындысы әлі шыққан жоқ, себебі поштамен жіберілген дауыстар да есепке алынуы керек.

ХДО-ның жаңа лидері қыркүйекте өтетін бундестаг сайлауында канцлер қызметіне үміткерлердің бірі болуы мүмкін. Бұл қызметті 15 жылдан бері атқарып келе жатқан Ангела Меркель 2018 жылы-ақ партия төрағасы қызметінен кетіп, келесі сайлауға қатыспайтынын айтқан.

Ол кезде оның партиядағы лауазымды орнына Аннегрет Крамп-Карренбауэр сайланған. Алайда, 2020 жылы ақпанда ол ХДО партиясының төрағасы лауазымынан бас тартатынын және канцлер қызметіне таласпайтынын мәлімдеген. Бұған партия ішіндегі бірнеше дау-дамай түрткі болды, сол үшін Крамп-Карренбауэр көп сынның астында қалды. Содан бері ХДО коронавирус инфекциясына байланысты съезд өткізе алмай келген еді.

Лашет — партияның 41 жылдан бергі мүшесі, ол ХДО-ға 18 жасында мүше болып кіріп, Аахен қалалық кеңесінің мүшесі, бундестагтың және Еуропарламенттің депутаты болған. 2017 жылы оның басшылығымен ХДО партиясы Солтүстік Рейн-Вестфалияда жеңіске жетіп, ол аймақтың премьер-министрі қызметіне кіріскен.

Дегенмен неміс және шетел ақпарат құралдарының жазуынша, ХДО басшысы болып сайланған Лашет бірден кацлерлікке өтіп кете алмайды. Қазір Бавария үкіметінің басшысы, Христиан-социалистік одақ (ХСО) партиясының өкілі Маркус Зедер сайлаушылардың көбірек қолдауына ие. ХДО мен ХСО сайлауға бірге түседі. 2020 жылғы мамырда сауалнамаға қатысқан сайлаушылардың 53 пайызы оны Зедерді Германия үкімет басшысы етіп сайлауға ықылас білдірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG