Accessibility links

Украинада қызмет көрсету саласы 16 қаңтардан толық украин тіліне көшуі тиіс


Украинада мемлекеттік тілді қолдаушылардың наразылық митингі. Плакаттағы жазу: "Тіл болмаса, ұлт та болмайды". Киев, 20 қыркүйек, 2012 жыл.
Украинада мемлекеттік тілді қолдаушылардың наразылық митингі. Плакаттағы жазу: "Тіл болмаса, ұлт та болмайды". Киев, 20 қыркүйек, 2012 жыл.

16 қаңтардан Украинадағы қызмет көрсету саласы клиенттермен қарым-қатынаста толық украин тіліне көшуі тиіс. 2019 жылғы сәуірде қабылданған мемлекеттік тіл туралы заңның талабы осындай. Жаңа ереже бойынша, азаматтарға ауызекі әңгімеде украин тілінде қызмет көрсетіледі, бұған қоса, мәзір, бағалар, және маңдайшалар тегіс мемлекеттік тілді жазылады.

Әлеуметтанушылар мәліметі бойынша, ел халқының 73 пайызы украин тілін ана тілі деп санайды, бірақ күнделікті өмірде оны тек 53 пайыз халық қолданады. Кей аудандарда тұрғындар түгел орыс тілінде сөйлейді. Жаңа заң бойынша клиенттердің өтініші болса ғана олармен украиннан басқа тілде сөйлесуге рұқсат. Заң талабын орындамағаны үшін 2022 жылдың шілде айынан бастап 6800 гривна (қазіргі курспен 240 доллардай) айыппұл салуы мүмкін.

Мемлекеттік тіл туралы заңды парламенттің бұрынғы құрамы бұрынғы президент Петр Порошенко тұсында қабылдаған. Оның сайлауалды науқаны «Армия, Тіл, Сенім» деген ұрандармен жүрген. Оппозиция бұл құжат қоғамды екіге жарады деп сынаған.

Жаңа президент Владимир Зеленский тағайындаған мемлекеттік тілді қорғау бойынша уәкілетті өкіл Тарас Кремень ВВС-ге берген сұхбатында айыппұл ережесін қолданудың қажеті болмас деп үміттенетінін айтты. Дәл осы мекемеге тіл заңы бойынша айыппұл салу өкілеті берілген.

«Пандемия, экономикалық дағдарыс және шығыста соғыс жүріп жатқан тұста адамдар тіл мәселесі бойынша да соғысады деп ойламаймын. Украиндықтар анағұрлым ақылды әрі толерантты» деді Кремень.

Президенттің «Слуга народа» партиясының атынан сайланған депутат Максим Бужанский Telegram-да фракцияның 27 депутаты айыппұлды алып тастайтын заң жобасын әзірлеп жатқанын хабарлады. «Шаштаразға, дөңгелек жөндеушіге «мына тілде қызмет көрсет» деп талап қоюдың қажеті жоқ. Олар салығын төледі, өз отбасынан басқа ешкімге ештеңе міндетті емес» деді Бужанский.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG