Accessibility links

17 қаңтар күні кешке Навальный Ресейге оралады


Алексей Навальный "Россия будущего" дейтін тіркелмеген партияның съезінде сөз сөйлеп тұр. Калуга облысы, 28 наурыз 2019 жыл.
Алексей Навальный "Россия будущего" дейтін тіркелмеген партияның съезінде сөз сөйлеп тұр. Калуга облысы, 28 наурыз 2019 жыл.

17 қаңтар күні кешке Алексей Навальный "Победа" әуе компаниясының рейсімен Мәскеуге ұшып келуі тиіс. Жүздеген адам Ресейдің оппозициялық саясаткерін "Внуково" әуежайынан күтіп алуға бекініп отыр.

Тамыз айында уланып, ес-түссіз күйі Германияға жеткізіліп, сонда бірнеше ай емделген Навальный еліне оралатынын 13 қаңтар күні мәлімдеген.

Өткен айда Ресейдің Жазаны орындау жөніндегі федералдық қызметі Навальныйдан Ресейге дереу оралуды талап етіп, келмеген жағдайда қамалатынын мәлімдеген.

Саясаткердің жақтастары мен жанашырларының арасында оны әзірге Ресейге келмей тұруға шақырып, оның қауіпсіздігіне алаңдағандар болды. Бірақ Навальный Германия ауруханасында есін жиып, журналистерге сұхбат бере бастаған кезде-ақ түбі Мәскеуге қайтатынын, шетелде қалып қою Ресей президенті Владимир Путинге "үлкен сый" екенін, оған жол бермейтінін мәлімдеген.

20 тамыз күні Томскіден Мәскеуге бағыт алған әуе рейсінде Навальныйдың хәлі күрт нашарлаған. Тіпті есінен танған. Ұшақ экипажы шұғыл шешім қабылдап, Омбы әуежайына қонған. Жедел жәрдем қызметі оны әуежайдан жергілікті ауруханаға алып кетіп, оны өкпені желдету аппаратына қосқан. Саясаткер комада болған. Жақтастары мен туыстары Навальныйды қасақана улады деп күдіктенді, бірақ аурухана басшылығы улауды жоққа шығарумен болды.

Екі күннен соң Навальныйды арнайы санавиациямен Германияға алып кетті, Берлиндегі "Шарите" клиникасына жатқызды.

2 қыркүйек күні Германия билігі Навальный "Новичок" дейтін умен уланған деді. Ал 7 қыркүйек күні саясаткер комадан шығып, өкпені желдету аппаратынан ажыратылды.

Германия үкіметінің өтінішімен үш тәуелсіз зертхана Навальныйдан алынған үлгіде "Новичок" уының барын растады. Содан бері ол сауықтыру емін қабылдап келді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG