Accessibility links

ЕҚЫҰ Ресейден Навальныйдың құқықтарын бұзбауды талап етті


Алексей Навальныйды Химки полиция бөлімшесінен тергеу изоляторына алып бара жатқан полицейлер. Мәскеу облысы, 18 қаңтар 2021 жыл.
Алексей Навальныйды Химки полиция бөлімшесінен тергеу изоляторына алып бара жатқан полицейлер. Мәскеу облысы, 18 қаңтар 2021 жыл.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) мүше елдердің адам құқығы жөніндегі өкілдері ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың қамалуын айыптады.

"Жақында қастандықтан аман қалып, көптеген саяси істер бойынша ұстаулар мен қамауларды бастан өткерген Алексей Навальныйды әлі де талай сынақ күтіп тұрған сияқты. Қазір ол қамауда, оған 13 жыл түрме жазасы қаупі төніп тұр. Оны үйіне оралған кезде ұстамауы тиіс болатын. ЕҚЫҰ-ның кез келген аумағында саяси оппоненттердің пікірлерін айтуға мүмкіндіктері болуы тиіс. Ресей билігін ЕҚЫҰ және Адам құқығы жөніндегі Еуропа конвенциясына қатысушы ретінде алған міндеттемелерін құрметтеп, саяси қудалауды тоқтатуға шақырамыз. Навальный мырзаның саяси бағдарламасын прокурорлар емес, сайлаушылар бағалауы тиіс" делінген 18 қаңтарда тараған мәлімдемеде.

Оған ЕҚЫҰ парламент ассамблеясының демократия және адам құқығы жөніндегі комитет жетекшісі Кириакос Хаджийианни (төраға, Кипр), Михаэль Георг Линк (төраға орынбасары, депутат, Германия), арнайы баяндамашы Кари Хенриксен (депутат, Норвегия) қол қойған.

18 қаңтарда Ресей соты Германиядан оралысымен Мәскеу әуежайында ұстап әкетілген оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйды 30 күнге қамауға алды. Ресей қылмыстық жазаны атқару федералдық қызметі Навальныйды 2014 жылы шыққан сот үкімін орындамады, шартты жаза ережелерін бұзды деп айыптады. (Бұған дейін құқық қорғаушылар "Ив Роше" деген атпен белгілі істің саясиланғанын айтқан).

Оны қамауға санкция беру туралы сот 18 қаңтарда кешке Мәскеу маңында шағын қаладағы полиция ғимаратында өтті. Соттың болатыны алдын ала хабарланбады. Оған тәуелсіз ақпарат құралдары кіргізілмеді. Тек Навальныйдың адвокаттары ғана жіберілді. Сот кезінде Навальный журналистерді кіргізуді талап еткенмен судья өтінішті орындамады.

Сот өткен ғимарат алдына Навальныйдың жүздеген жақтасы жиналды. Олар "Леша, біз сенімен біргеміз!" ("Леша, мы с тобой") деп айқайлады.

  • Навальный 17 қаңтарда Германиядан Мәскеуге ұшып келген. Тамыз айының соңында комаға түсіп, Берлиндегі клиникаға емдеуге жіберілген Навальный сол жақта есін жиып, қыркүйек соңында ауруханадан шыққаннан кейін Германияда сауықтыру бағдарламасынан өткен. Ресей билігі 29 желтоқсанда Навальныйға полицияға келіп белгіленбеді деп іздеу жариялаған. Навальныйдың шартты жаза бойынша сынақ мерзімі 30 желтоқсанда біткен. Оппозиционер бұрын Ресейде бірнеше рет шартты жазаға кесілген.
  • Батыс елдері мен құқық қорғаушылар Навальныйдың ұсталуын сынады. "Мемориал" құқық қорғау орталығы мен Amnesty International оны "саяси тұтқын" деп таныған. Навальныйдың өзі қудалануының саяси астары бар дейді.
  • Навальный ұсталатынын біле тұра Мәскеуге оралды. Ол өзінің улануына Ресей билігінің қатысы бар деп санайды. Кремль мұны жоққа шығарады.
  • 17 қаңтарда Навальный мінген ұшақ Мәскеудегі Внуково әуежайына қонуы тиіс еді. Бірақ ұшақ Шереметьево әуежайына қонды. Сол жерде полиция оны ұстап әкетті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG